Америка мультимиллиардері Илон Масктың SpaceX компаниясы Starship зымыранын тоғызыншы мәрте ұшырып көрді. Зымыранның үрдіс барысында құлағаны хабарланды. Бұл туралы SpaceX компаниясы  Х желісінде хабарлады.

Көкке өрлеген Starship зымыраны жарты сағат өткенде бақылау жүйесінен жоғалды. Барлау көкжиегінен алыстаған құрылғы атмосфераға еніп, Үнді мұхитына құлаған болуы мүмкін.

«Сынақ рейсі түк те қызық болған жоқ. Жоспардан тыс дүниелер болды, Starship ойламаған жерден жойылды. Команда деректерді зерттеуді жалғастырады, келесі сынақ рейсіне дайындалып, ізденісті ширатады», — делінген хабарламада.

Зымыран 27 мамыр, сағат 19.36-да (жергілікті уақытпен) Техас штатындағы Starbase ғарыш айлағынан ұшырылды. Жарты сағаттан кейін бақылау аймағынан жоғалды. AFP агенттігінің хабарлауына қарағанда, зымыран Үнді мұхитының үстінде өртеніп, суға құлаған болуы мүмкін. Ал SpaceX компаниясы зымыран жанармайының ағып кеткенін тұспалдап отыр.

Starship кемесінің биіктігі 123 метр. Бұл бүгінге дейінгі ең үлкен және ең қуатты ғарыш зымыраны, деп атап өтті AFP.

SpaceX басшысы Илон Маск болса, Starship-тің 2026 жылы Марсқа жетеріне кәміл сенімді.

Орайы келгенде айта кетейік, Starship-тің бұған дейінгі сынағында да сәтсіздіктер болған. Төрт талпыныстың соңы жарылыспен аяқталған. Атап айтқанда, наурыз айында жарылған зымыран қалдықтары Багам аралының үстіне түсті. Ал қаңтар айының ортасында ұшқан зымыран Кариб теңізіндегі Теркс пен Кайкос аралдарына құлады, деп еске алады AFP.