Сот Гарвардқа жақтасып, шетел студенттерін қабылдауға тағы рұқсат берді

Фото: Ben Curtis/AP Photo/picture alliance
Судья Элисон Берроуз Трамптың бұлғағына тоқтам қойып, Гарвардқа халықаралық студенттерді қабылдауға тыйым салу туралы шешімін бөгеді. Бірақ бұл іске қатысты түпкілікті шешім әлі шыққан жоқ.
Бостондағы АҚШ федералды соты ел президенті Дональд Трамптың Гарвард университетіне қойған шектеуін айыптап, бөгеді.
Берроуздың сөзіне қарағанда, мұндай шешім «статус—квоны сақтауға» көмектеспек. Алайда аталмыш іс бойынша түпкілікті шешім әлі шығарылған жоқ, — деп атады БАҚ.
Осылайша, Ақүй ЖОО-ға шектеу қойып, студенттермен алмасу және шетелдік студенттерді қабылдау бағдарламасын (Student and Exchange Visitor Program (SEVP) жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сертификат күшін жоя алмайды.
Есте болса, Азия университеттерінің Гарвардтағы шетел студенттерін оқуға шақырып жатқанын бұрын да жазғанбыз.
Дональд Трамп әкімшілігі Гарвардтағы шетел студенттеріне тіл қатып, АҚШ-тың басқа университеттеріне ауысуды немесе оқу процесін үзуді бұйырған еді.
Гонконг ғылым және технологиялар университеті алғаш болып Гарвард студенттеріне ұсыныс жасады. Хат-хабар алмасып, көмек көрсететін арнаулы топ құрды. Білімгерлердің қиындықсыз оқуға қабылданатынын, академиялық қолдауға ие болатынын уәде қылды.
Студенттерді қалалық университет, Гонконг Қытай университеті, Гонконг баптисттік университеті және Гонконг политехникалық университеті шақырған.
Орайы келгенде айта кетейік, Гарвард студенттерінің төрттен бірі — шетелдіктер, олардың көпшілігі АҚШ-қа Қытай мен Гонконгтан барады.
Сонымен қатар Жапония үкіметінің де үрдістен қалыс қалмай, студенттерді Токио университетіне шақырып отыр. Макао мен Малайзия билігі де белсенді. Олар жергілікті жоғары оқу орындарына Американың ең көне жоғары оқу орны студенттерін қабылдауды құп көрген.
Шетел студенттеріне құшақ ашып отырған оқу ордалары қатарында Макао ғылым және технологиялар университеті мен Малайзиядағы Sunway University бар.
Аталмыш мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді.
«Барлық тиісті сауалды жолдадық. Қазіргі сот талқылауы жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысы 29-ына белгіленген. Дүрбелеңге түсуге әлі ерте. АҚШ-та сот сатысы шешім қолдау табатындығына немесе заңды күшіне енетіндігіне қатысты қорытынды форматты айқындауы мүмкін. Сондықтан да қазір соттың ресми шешімін күту маңызды», – деді министр.
Еске сала кетейік, «Болашақ» бағдарламасымен Гарвардта 7 қазақстандық білім алып жатыр. Егер шектеу енгізілсе, онда азаматтарды өзге университеттерге ауыстыруды ұйымдастыратынын жеткізді.