Қазақстанды Шығыс пен Батыстың, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азия бағыттарының арасындағы басты логистикалық хабқа айналдыруға арналған стратегиялық қадамдар туралы айтылды. 

Премьер-министр қазіргі кезде Қазақстан теміржолдары халықаралық тасымал қызметін толық қамтамасыз етіп отырғанын атады. Соңғы 5 жылда транзит көлемі 50%-ға, ал Транскаспий бағыты бойынша 6 есеге өскен. Былтыр Қытайдан Еуропаға тасымал көлемі 62%-ға артып, 4,5 млн тоннаға жеткен.

«Биыл Достық–Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолын және Алматыны айналып өтетін теміржолды пайдалануға береміз. Келесі жылы Дарбаза–Мақтарал бағытын дамытамыз. Мойынты–Қызылжар және Бақты–Аягөз  – осының барлығы жақын арада өткізу қабілетімізді 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл орасан зор инвестицияны қажет ететін ауқымды жұмыс, бірақ біз жүзеге асыруға дайынбыз. Өйткені қолдағы бәсекелестік артықшылықты жіберіп алмауымыз керек», — деп атап өтті Премьер-министр.

Көлік процестерін диджитал процестер арқылы жүйелеу жағы да сөз болды. Рrimeminister.kz порталының жазуынша, TEZ Customs платформасынының тиімді тұстары көп. Мәселен, цифрлық сауда дәлізін енгізу арқылы транзиттік декларацияларды автоматты түрде тіркеу және рәсімдеу кедендік рәсімдерді айтарлықтай жеделдетіп, оларды рәсімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.

Сонымен қатар, 2025 жылдың маусымында Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб іске қосылды. Бұл хаб Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызды бөлігіне айналып, контейнерлерді өңдеу мүмкіндігін арттырады.