Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов ресми мәлімдеме жасады. Саясаткер өзінің Respublica партиясындағы миссиясының аяқталғанын, елдегі заң талаптарын құрметтейтінін әрі қатаң сақтайтынын жеткізді. 

Құрметті әріптестер, қадірлі серіктестер! Мен Respublica партиясының @respublica_partiyasy тең төрағасы ретіндегі миссиямды аяқтау жөнінде шешім қабылдағанымды хабарлаймын. Бұл шешім саналы түрде және өзіме қатысты бірқатар объективті себептерге байланысты қабылданды.

Біріншіден, белгілі болғандай, қазіргі уақытта мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келемін. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметті саяси партиядағы жетекшілік қызметпен қатар алып жүруге жол берілмейді. Мен заң талаптарын құрметтеймін және оны қатаң сақтаймын.

Екіншіден, партияның ішкі қағидаттарына сәйкес, партия мүшелері мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқара алмайды. Біз саяси үдерістерге қатысу партия ішіндегі билік құрылымымен араласпауы тиіс деп санаймыз.

Үшіншіден, қазіргі таңда өз денсаулығымды қалпына келтіруге баса назар аударып жүрмін. Мен әрдайым жұмысыма жоғары жауапкершілікпен қарап келдім, бұдан кейін де мемлекеттік қызметтегі лауазымымды өз  деңгейінде атқаруым керек. Сондықтан да дәл қазір өзімді жақсы сезіну үшін күш-қуатымды соған салудамын.
Мен партия жолының бастауындағы құндылықтар мен идеяларға адал болып қала беремін және Respublica командасына алдағы уақытта зор табыс тілеймін.

Бірге жұмыс істеген әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын! — деп жазды Берденов.

Еске сала кетейік, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалды.  Оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында қалалық әкімдік ғимаратының жанында болған. Шенеунік бірнеше жерінен жараланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді.

Полиция дерегіне қарағанда, Берденовке «Сайга-12» маркалы қарудан үш рет оқ атылған, оның екеуі денесіне тиген еді.