3 жылдан бері ұмыт болған мереке қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Елбасының Instagram-дағы ресми парақшасында жаңа пост жарияланып, аталмыш күннің тарихы аталған.

«1 желтоқсан Қазақстанда Тұңғыш Президент күні ретінде аталып өтеді. Дәл осы күні 1991 жылы алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау өтті. Оның нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7% қолдауына ие болды. Бұл күн – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезең әрі елде президенттік билік институтының қалыптасу символы», – делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. 1960 жылы Украинадағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, еңбек жолын Теміртауда жұмысшы болып бастады. Кейін ол Қарағанды металлургия комбинатында еңбек етіп, 1967 жылы жоғары білім алды. Сол жерде ол болашақ жары Сарамен танысты. Кейін отбасында үш қыз дүниеге келді – Дариға, Динара және Әлия.

1962 жылы Назарбаев Коммунистік партияға мүше болды. 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Ал 1991 жылы, КСРО ыдырағаннан кейін, тәуелсіз Қазақстанның президенті атанды.

Назарбаев президент қызметін шамамен 30 жыл атқарды. Президент болып 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары қайта сайланды. 1999 жылғы сайлаудан басқа барлық науқандарда 90%-дан аса дауыс жинады (1999 жылы шамамен 80%). Айта кетерлігі, өзінің саяси жолының басында Назарбаев «басшы бір жоғары лауазымды ондаған жылдар бойы иеленбеуі керек» деп айтқан.

Билік еткен жылдары Конституцияға бірнеше рет өзгеріс енгізді. Бұл өзгерістер елді суперпрезиденттік басқару моделіне көшіріп, оған президенттік сайлауға шексіз қатысуға мүмкіндік берді. Алайда 2019 жылдың наурызында Назарбаев президент өкілеттігін тоқтатып, сол кезде Сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты өз орнына ұсынды.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұл мереке күнтізбеден алынды. Сонымен қатар Назарбаев Елбасы мәртебесінен айырылды, Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясының төрағалығынан кетті, Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы басшылығынан алынып, Конституциялық кеңестен де шығарылды.

2023 жылы Парламент «Елбасы туралы» заңның күшін толық жойды. Заңның күші жойылуына байланысты Назарбаев пен оның отбасы мүшелері мүліктік және банктік иммунитеттен, сондай-ақ бірқатар ерекше артықшылықтардан айырылды. Бұрынғы президентті қорлауға қатысты бап та қылмыстық кодекстен алынды.

2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін көп ұзамай Назарбаев қос билікке қатысты тараған жорамалдардың фонында өзінің мәртебесін түсіндіру үшін көпшілік алдына шықты. Барлық өкілеттікті әлдеқашан Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенін айтып, өзі «зейнеткер және құрметті демалыста» екенін атады. Назарбаев Астанада екенін және ешқайда кетпегенін жеткізді.

Қазір Назарбаев көпшілік алдына шыға бермейді. Соңғы рет АЭС салу жөніндегі референдумда жұрт көзіне көрінді. 2025 жылдың көктемінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге Мәскеуге барған. Назарбаевтың баспасөз қызметі бұл сапардың жеке, бейресми сипатта болғанын айтқан.

Өткен аптада Назарбаевтың аты қаржыгер Джеффри Эпштейннің жаңадан жарияланған хаттарында аталды. Онда бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев АҚШ-қа қауіпсіз қоныс аудару мен ақшасын қайтаруға көмектесуін сұраған. Әлиев отбасының бизнесі тартып алынды деп мәлімдеп, бұл жағдай Назарбаевты Батыс алдында ыңғайсыз күйге қалдырады деп үміттенген.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай