Сарапшы талдауы: «V Ұлттық Құрылтай: мазмұн мен бағыттарға сараптамалық көзқарас»
Құрылтай деп Қазақ хандығы дәуірінде аса маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін шақырылатын ең жоғарғы саяси жиналыс болған. Бұл дәстүр түркі халықтарынан бастау алып, кейін Шыңғыс хан империясы кезеңінде мемлекеттік басқарудың негізгі тетігіне айналды. Құрылтайда ел тағдырына қатысты шешімдер қабылданып, хан сайлау, соғыс пен бітім мәселелері, ішкі және сыртқы саясат бағыттары айқындалды. Сол тарихи кезеңде Қазақ қоғамында биліктің екі ірі иерархиялық жүйесі қалыптасты: бірі — діни, екіншісі — әкімшілік.
Әкімшілік басқару жүйесі бойынша Алтын Орда дәуірінен бастап қазақ даласын Жошы ханның ұрпақтары биледі. Ал Жошы әулеті қазақтың хандық жүйесін 1847 жылға дейін үздіксіз сақтап тұрды. Алайда 1822 жылдан бастап Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын күшейтіп, хандық билікті жоюға бағытталған реформаларды күшпен енгізді. Соның салдарынан дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесімен бірге Құрылтай институты да өз қызметін тоқтатты. Осылайша, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан елдік кеңес дәстүрі тарих сахнасынан шеттетілді.
Тек арада екі ғасырға жуық уақыт өткен соң ғана Құрылтай қазақ жерінде қайта жаңғырып, жаңа мазмұнда өмірге келді. Бүгінгі Ұлттық құрылтай бабалардан қалған мемлекеттілік дәстүрдің жалғасы, тарихи жад пен ұлттық сананы жаңғыртудың айқын көрінісі. Жошы хан дәуірінен бастау алған ел басқару мәдениетінің қазіргі Қазақстан жағдайындағы заманауи жаңғыруы .
Құрылтай Қазақстанның ішкі саясатында болып жатқан өзекті мәселелерді қозғайтын, жаңа көзқарастарды талқылайтын орта. Қызылордада өткен V Ұлттық Құрылтай Қазақстандағы институционалдық реформалардың әр кезеңін айқындайтын маңызды саяси алаңға айналды. Бұл жиын мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық бағдарды көрсетуімен ерекшеленді.
Әр Ұлттық Құрылтайдың алдында секцияларға бөлінген отырыстар өтеді. Осы жолы: “әлеуметтік-мәдени даму”, “білім және ғылым”, “азаматтық қоғам” және “экономикалық саясат” деген атаумен бөлінді. Осы бағыттардың әрқайсысы мемлекет жүргізіп отырған реформалардың логикалық жалғасы ретінде ұсынылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайда сөйлеген сөзінен осы құрылымдық бағытты байқауға болады.
Әлеуметтік-мәдени даму бойынша: Кино мен өнер ұлттық мәдениетті әлемдік деңгейде ілгерілетудің тиімді құралына айналуына, қазақ өнерін әлемде бірегей құбылыс ретінде қабылдауға киноиндустрияның орнын атап өтті. Сонымен қатар өскелең ұрпақты қолдау мемлекеттің стратегиялық басымдығы болып табылатындығын жастардың қоғамдық этика мен креативті орта қалыптастырып жатқандығына да ерекше назар аударды. Осы үдерістер аясында «тарихи травма» психологиясынан арылу қажеттігі атап өтіліп, ұлттық бірегейлікті нығайту және тарихи сананы тереңдету маңызды міндет ретінде айқындалды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алдыңғы отырысында ғылыми еңбектерді, архивтік құжаттарды, музей қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өткен еді. Осы жолы «Ұлттық цифрлық мұра» қорын жасауды қолдайтындығына да ерекше мән берді.
Білім және ғылым бойынша: Жошы хан туралы деректі фильм ғылыми-мәдени жоба ретінде әзірленуі, тарихи зерттеулерге отандық және шетелдік сарапшылар тартылуы. Конституциядағы терминологиялық және стилистикалық олқылықтарды лингвистер мен заңгерлердің қатысуымен жою қажеттілігі мен цифрлық үдерістерді құқықтық және білім беру жүйесінде міндетті түрде ескеру қажеттігі айтылды.
Азаматтық қоғам
Ұлттық құрылтайдың төрт жыл ішінде 26 заңға негіз болуы оның консультативтік институттан қоғамдық-саяси процестерге нақты ықпал ететін алаңға айналғанын көрсетеді. «Халық кеңесін» құру бастамасы да қоғам мүдделерін жүйелі түрде артикуляциялайтын жаңа формат қалыптастыру талпынысы. Бұл органның конституциялық деңгейде бекітілуі қоғамдық диалогтың институционалдық негізін күшейтуі мүмкін. Президенттің «әр азаматтың таңдау құқығы бар, бірақ оны өзгеге міндеттеуге болмайды» деген тұжырымы мемлекет ұстанып отырған құқықтық бейтараптық моделін айқындайды.
Жаңа парламентті “Құрылтай” деп атауы да жалғыз палаталы мемлекеттер Даниядағы “Фолькетинг”, Швециядағы “Риксдаг” Финляндиядағы “Эдускунта”, Грекиядағы “Халық жиналысы”, Португалиядағы “Республика ассамблеясы” секілді модельдің көрінісі екендігі сөзсіз.
Экономикалық бағытта келтірілген деректер елдің макроэкономикалық тұрақтылығын көрсетеді: ЖІӨ-нің 300 млрд доллардан асуы, Ұлттық қор активтерінің өсуі, алтын-валюта резервтерінің жеткілікті деңгейі қуантарлық жайт. Алайда бұл көрсеткіштер жетістік ретінде емес, алдағы құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негіз ретінде ұсынылды. Салық кодексін қайта қарау мүмкіндігі туралы ашық пікір де мемлекеттік басқаруда догматизмнен гөрі икемді тәсілге сұраныстың бар екенін аңғартады.
V Ұлттық Құрылтайдың әдеттен ерте өткізілуі, және жуық арады бір палаталы парламент болатынын ескерсек, заң қабылдау процесі әлдеқайда жылдам, үкіметке шұғыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін логиканы айқын көруге болады.
Президенттің сөзінен үш негізгі бағыт байқалды: Басқаруды тұлғалық емес, институционалдық модельге көшу; тарихи сананы травмадан даму ресурсына айналдыру; мемлекеттің тұрақтылығын реформалардың үздіксіздігі қамтамасыз ету.
Кулманова Айдана
«Қазақстандық қоғамдық даму институты»
Бас жоба менеджері