Қазақстандағы микронесиелердің 60%-ы бизнеске тиесілі
Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі өтті. Жиында Қазақстан қаржы секторының дамып келе жатқаны айтылды. 2025 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша банк секторының активтері 67 трлн теңгеге жетіп, капиталдың жеткіліктілігі 20%-дан асқан деп мәлімдеді сала мамандары.
Сонымен қатар клиенттердің депозиті 45,7 трлн теңгеге жетіп, жеке тұлғалардың салымдары 26,5 трлн теңгеге дейін өсті. Қаржылық инклюзия қалаларда 90%, ауылдық жерлерде 85%-ке жетіп, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 90%-ға жақындаған.
Жиында сөз алған Ұлттық Банк төрағасы сақтандыру нарығының белсенді дамып келе жатқанын жеткізеді. Дерекке сәйкес, компаниялардың активі 3,8 трлн теңгеге жетіп, сақтандыру төлемдерінің көлемі 37%-ға өсіп, 320 млрд теңге болған. Қор нарығы капиталдандыру деңгейін 40 трлн теңгеге жеткізіп, эмитенттер 8,6 трлн теңге тартқан.
Қазақстандағы микрокредиттердің 60%-ы бизнеске тиесілі.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова конгрестегі баяндамасында биыл қаржы секторындағы негізгі реформалар жайлы сөз қозғады:
— Биыл жаңа банктер туралы заң аясында қаржы секторындағы негізгі реформалар жүзеге асырылды. Заң қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бәсекелестікті арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және банктерді заманауи технологиялармен жабдықтау бағытында озық стандарттарды енгізуді көздейді. Жаңа заң аясында банктерді шоғырландырылған бақылауға көшіру, SREP, AQR және стресс-тестілеу енгізу арқылы капиталға қадағалау күшейтілді. Сонымен қатар қарыздардың қауіп-қатерін азайту шаралары қабылданып, кепіл саясаты жеңілдетілді, — деп жазылған.
ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуына қарағанда, салық-бюджет саясатын қатаңдатудың негізсіз тұстары бар. Мәселен, экономика секторларының өсімін уақытша бәсеңдетуі мүмкін.
– Ақша-кредит және фискалдық саясатты бір мезгілде тым жұмсартсаң, қысқа мерзімде өсім байқалады, бірақ кейін инфляция өсуі немесе күрт төмендеуі мүмкін. Сондықтан тарифтік шаралар кезең-кезеңімен және бақылаумен енгізіледі. Осы кешенді шаралар инфляцияны төмендетуге көмектеседі, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың баяндамасындағы ақпаратқа сәйкес, қаржы нарығының дамуына шетелдік инвесторларды тарту да маңызды рөл атқарады. 2025 жылы шетелдік банктерге нарыққа кіру талаптары жеңілдетіліп, екі жаңа банк лицензия алды – Оңтүстік Кореяның BiNK Bank және KMF Bank. Сонымен қатар банктер үшін базалық және әмбебап лицензия енгізу арқылы қаржы институттарының санын арттыруға жағдай жасалды.

Биыл қаржы саласында корпоративтік кредиттеу мен тұтынушылық кредит беру бойынша да жаңа механизмдер іске қосылды. Іс-шара баяндамасындағы мәліметке қарасақ, ШОБ үшін кепілдік қоры құрылып, 267 млрд теңге көлемінде 1 500 кепілдік берілді. Синдикатталған кредит беру арқылы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жолға қойылды, ал банк облигацияларына зейнетақы активтерін инвестициялау бағдарламасы 500 млрд теңгеге дейін іске асырылды.
Сондай-ақ Тимур Сүлейменов орта және ұзақ мерзімде ақша-кредит саясаты бейтарап болуға тиіс екенін айтты.
– Бұл саясат экономикаға өсу немесе тежеу әсерін тигізбеуі керек. Ол ішкі органикалық өсім қарқыны мен макроэкономикалық тұрақтылыққа сүйене отырып, тұрақты орта қалыптастыруы қажет, – деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетелік, конгрестің панельдік сессиясына қазақстандық қаржы институттары мен шетелдің орталық банктерінің басшылары, мемлекеттік орган мен қаржы ұйымының өкілдері қатысты. Басшылар ақша-кредит саясаты, қаржы тұрақтылығы және институттарға деген сенімге қатысты пікір алмасты. Іс-шара барысында Ресей Федерациясы Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина сөз сөйлеп, орталық банктердің инфляциямен күрес кезінде жіберетін қателеріне тоқталды.