Астанада 13-14 маусым аралығында эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтеді. Азия чемпионаты – беделді құрлықтық жарыс, ол екі жылда бір рет өткізіледі. Бұл турнир Қазақстан аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отыр, еліміздегі эстетикалық топтық гимнастиканың дамыған деңгейін және отандық мектептің халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жарысты ұйымдастырушылар – ҚР Туризм және спорт министрлігі, Эстетикалық топтық гимнастика халықаралық федерациясы (IFAGG), Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы. Жарыс BEELINE ARENA Ұлттық теннис орталығында өтеді.

Турнирге Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония, Жапония және Қазақстанның үздік командалары қатысады. Жарысқа 40 команда, 400-ден астам қатысушы келеді, оның ішінде спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және делегациялардың ресми өкілдері бар.

Жарыс аясында «сеньорлар» және «юниорлар» жас санаттары бойынша 6 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның намысын қорғайтын командалар:

  • Сеньорлар: Alan (Астана), LiEl (Алматы), Asyl Tas (Шымкент), Estel (Атырау), Fiesta (Шымкент)
  • Юниорлар: Samruk (Астана), Kerbez (Алматы), Izumrud-Korkem (Астана), Sunrise (Алматы), Alem (Шымкент), Space (Өскемен)
  • Микс командалар: Libertad, Kerbez Mix, Aeria және Diamonds (Алматы)

Фото: Gov.kz

Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылғы 13 маусымда сағат 12:00-де өтеді. Бағдарлама аясында көрермендерге қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі әлемдік спорт кеңістігіндегі рөлін көрсететін мәдени қойылым ұсынылады.

Негізгі жарыстардан бұрын, 11-12 маусымда Astana Alan Cup халықаралық турнирі өтеді. Оған 93 команда қатысып, 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.