Milliyet газеті: Түркі мемлекеттерінің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығының маңызы артып келеді
Түркі мемлекеттерінің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы – болашағы зор әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды бағыт. Бұл туралы 27 қаңтарда Түркияның жетекші басылымдарының бірі – Milliyet газетінде жарияланған мақалада айтылды.
Басылым Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Габала қаласында өткен саммитінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев көтерген бірлескен әскери жаттығулар өткізу бастамасына назар аударған.
Мақалада аталған тақырыпқа қатысты түркиялық сарапшылардың пікірлері де келтірілген.
Думлупынар университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, профессор Хюсаметтин Инач ТМҰ елдері арасында ортақ қауіпсіздік және қорғаныс архитектурасын қалыптастыруға бағытталған қадамдардың маңызын атап өтті.
– Бұл үдерістің ең назар аударарлық тұсы – түркі мемлекеттерінің армиялары кезең-кезеңімен бірлескен әскери жаттығулар өткізетін орталық ретінде Әзербайжанның таңдалуы. Бұл бастаманы аймақтық ойыншылармен қатар, ірі әлемдік державалар да мұқият бақылап отыр деп сенемін, – деді профессор.
Ал отставкадағы генерал-майор Гюрай Алпар ТМҰ құрылған алғашқы жылдары ынтымақтастықтың негізінен мәдени салаға басымдық берілгенін еске салды.
– Қорғаныс саласындағы өзара іс-қимыл – қажетті әрі мүмкін бағыт. Алайда ол мәдени және экономикалық ықпалдастық толық қалыптасқаннан кейін қарастырылатын мәселе ретінде бағаланып келді. Соған қарамастан, бұл саладағы дайындық жұмыстарын дәл қазірден бастау қажет. Мұндай бастамалар ұзақ мерзімді мақсаттарды көздейді, – деді Г.Алпар.