Ресей Сирия жерінен әскери күштерін шығарып жатыр
Фото: Delil Souleiman/AFP
Ресей Сирияның солтүстік-шығысындағы Эль-Камышлы аэродромынан өз әскери бөлімшелерін әкетіп жатыр. Дереккөздердің мәліметінше, ресейлік техника мен ауыр қару-жарақ елдің батысындағы Хмеймим авиабазасына көшірілуде. Бұл туралы 26 қаңтарда Reuters агенттігі бес сириялық дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Ресей әскери контингенті Эль-Камышлы әуежайында 2019 жылдан бері орналасқан. Алайда бұл күштер көлемі жағынан Хмеймим авиабазасы мен Сирияның Жерорта теңізі жағалауындағы Ресей Әскери-теңіз күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету пунктімен салыстырғанда әлдеқайда шағын болған. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу осы негізгі әскери нысандарын сақтап қалмақ.
Қаңтар айында Сирия президенті Ахмед аш-Шарааға бағынатын күштер елдің солтүстігі мен шығысындағы бұрын күрдтердің Сирия демократиялық күштерінің бақылауында болған кең аумақтарды өз қолына алды. Дамаск билігі Сирия аумағында толық бақылауды қалпына келтіруді көздеп отыр.
Әскерді шығару және қайта орналастыру
Reuters агенттігіне сұхбат берген екі дереккөздің айтуынша, ресейлік әскери күштер Эль-Камышлы аэродромынан кезең-кезеңімен шығарыла бастаған. Әскери бөлімшелердің бір бөлігі Хмеймим авиабазасына ауыстырылса, қалғаны Ресей аумағына қайтарылуы мүмкін.
Сирия қауіпсіздік құрылымдарындағы тағы бір дереккөз соңғы екі күнде ресейлік әскери техника мен ауыр қару-жарақтың Эль-Камышлыдан Хмеймимге жеткізілгенін растады.
Аталған жағдайға байланысты Ресей Қорғаныс министрлігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Дамаск сигналдары және Мәскеудің ұстанымы
Бұған дейін «Коммерсант» газеті сириялық дереккөзге сілтеме жасап, күрд күштері ығыстырылғаннан кейін Сирия билігі Ресейден Эль-Камышлы базасын босатуды сұрауы мүмкін екенін жазған. Басылым мәліметінше, «ол жерде ресейлік әскердің атқаратын міндеті қалмаған».
Сонымен бірге Reuters тілшісі дүйсенбі күні аэродромда ресейлік тулардың әлі де желбіреп тұрғанын, ал ұшу-қону жолағында ресейлік айырым белгілері бар екі ұшақтың болғанын байқаған.
Ресей бұған дейін биліктен кеткен Башар Асадтың жақын одақтасы саналған. Алайда Мәскеу 14 ай бұрын билікке келген Ахмед аш-Шараа жетекшілік ететін коалициямен де жұмысшы қарым-қатынас орнатқан. Өткен жылы аш-Шараа Ресей президенті Владимир Путинге Сирия тарапынан Мәскеумен жасалған барлық бұрынғы келісімдер сақталатынын мәлімдеген. Бұл Ресейдің Сириядағы негізгі әскери нысандарының қызметі жалғасатынын білдіреді.