Ресейдің мемлекеттік мұнай және газдан түсетін табысы қараша айында 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 35%-ға азайып, 520 млрд рубльге (6,59 млрд доллар) дейін қысқаруы мүмкін. Бұған мұнай бағасының арзандауы және рубль бағасының көтерілуі әсер еткен, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Мұнай-газ түсімі Кремль үшін қаржының ең маңызды көзі. Экономиканың аталмыш бағыты федералдық бюджет кірісінің төрттен бір бөлігін құрайды. Маусымаралық салықты есепке алмағанда, шикізаттан түскен табыс қазан айымен салыстырғанда 7,4%-ға азаюы мүмкін.

Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға әскери операция бастағалы бері, жағар жанармайдан түскен табысты әскер шығынын өтеуге жұмсап келеді.

Reuters-тің есебіне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар–қараша айымен салыстырғанда, биыл салық орнына есеп айырысу үшін қолданылатын ресейлік мұнай бағасы барреліне 68,3 доллардан 57,3 долларға дейін түскен.

Сонымен қатар 2024 жылдың қаңтар–қараша айында 1 доллар = 91,7 рубль бағамы 81,1 рубльге дейін тұрақтаған.

Ресейдің Қаржы министрлігі биыл мұнай-газ сатылымынан 10,94 трлн рубль табыс түседі деп жоспарлаған, алайда мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бұл болжамды өткен айда 8,65 трлн рубльге дейін қайта қарады. Ал былтыр мұнай және газдан түскен табыс 11,13 трлн рубль болған.

Еске сала кетелік, қазір 1 доллар 78,40 рубль бағамына тұрақтады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай