Спорт сарапшысы Жандос Байділда Қазақстандағы қаржысы мол клубтардың міндеті жайлы айтты. «Қайрат» пен «Астана» клубтарының қаржылық жағдайы басқалардан көш ілгері екенін ескерсек, екеуі жыл сайын Еурокубок матчтарынан түспеуі керек. Кем дегенде Еуропа лигасында.

Еске сала кетелік, 30 қыркүйек  Алматыда өткен тарихи матчта «Қайрат» пен әлемдік футбол алыбы «Реал Мадрид» кездесті. Ойынның нәтижесінде корольдік клуб 0:5 есеьһбінде жеңіске жетті. Дегенмен, спорт шолушысы Жандос Байділданың пікіріне қарағанда, бұл жеңіліс емес, керісінше – Қазақстан футболының үлкен жеңісі. Сарапшы өзінің Facebook парақшасында жазба жариялап, оқырманға ой салды:

Матч өтті. «Қайрат» жеңілді. Бірақ көпшіліктің арманын орындап, Алматыға футбол гигантын әкелді. Ол да жеңіс. Мәселе жеңілуде емес, мәселе жыл сайын «Реал» сияқты клубтардың Алматыға келуінде. Жыл сайын ЛЧ турнирінде ойнау – мәртебелі турнирдің тұрақты резидентіне айналу. Сонда Алматыға «Барселона», «Бавария», «Ливерпуль», «ПСЖ» сияқты командалар кезектесіп келіп отырады. Кеше «Қайрат» клубы «Сити», «Бавария», «ПСЖ» сияқты командаға қарсы ойнағанда, есеп бұдан да ауыр болар еді. «Реал» аристократ клуб. Допты беріп те, алып та ойнайды. 90 минут тұншықтырып, ашқарақтана ойнамайды. Сәтін күтеді. Кеше «Қайрат» футбошыларына да ойнауға мүмкіндік берді. Мырзалық танытты. Көп қиналмай жеңетінін біліп отыр. «Реалдан» жеңілу трагедия емес, «Реалға» қарсы ойнау – бақыт. Тасқамал қорғанысы бар «Интер» де ЛЧ финалында 5-0 есебімен жеңілді. Оның жанында түкке тұрмайтын есеп. «Реал» клубының өзі де «күндес» қарсыластарынан 5 голдан жіберіп жүр. Бастысы – тәжірибе.
Алматы үшін аталмыш ойын халықаралық футбол алаңына жолдама болды. Қазақстандық «Қайрат» футбол тобы жас футболшылардың бағын жағып, өткен матчтан тәжірибе алуға мүмкіндік берді. Ойында ерекше көзге түскен қақпашы Шерхан Қалмұрза, шабуылдаушы Дастан Сәтпаев пен қорғаушы Дамир Қасаболат бар. Жанкүйердің шынайы ықыласына бөленген ойыншылардың өзі де Алматыға «Реал Мадридтің» келуі үлкен жеңіс деп санайды.
Айта кетелік, «Қайраттың» шабуылдаушысы Дастан Сәтпаев 2025 жылдың ақпан айында англиялық Премьер-лиганың «Челси» тобына шақырту алды. Футболшының трансферы 4 млн евроға бағаланды. Дастан 2026 жылдың тамызында 18 жасқа толып, «Челси» клубына қосылады.

Жандос Байділда шетелдік футбол топтарының тәжірибесіне де ерекше тоқталды:

«Норвегияда «Буде-Глимт» деген клуб бар. Сол клуб жоқтан бар жасап, Норвегия клубын бір сатыға көтерді. Жыл сайын Еурокубок матчтарында ойнап, биыл ЛЧ турниріне жолдама алды. Былтыр Еуропа лигасының жартылай финалына жеткен клуб өткен маусымда Норвегия чемпионатында ІІ орын алған команданың да ЛЧ турниріне қатысуына мүмкіндік жасап берді. «Бранн» әрине іріктеу кезеңінде қалталы клуб «Зальцбург» ұжымынан аса алмады, есесіне қазір Еуропа лигасында ойнап жатыр. Сол «Буде-Глимт» 8 мың ғана адам сиятын (жасанды газон) стадионда ойқастап жүр. Кеше ғана «Тоттенхэм» клубын қабылдап, тең тарқасты. Шартты түрде алып қарайтын болсақ, биыл «Қайрат» ЛЧ турнирінде, «Астана» Еуропа лигасында, «Ақтөбе» конференция лигасында ойнап жатуға тиіс. Сонда үш жақтап ҚПЛ деңгейін көтереді. «Қайрат» пен «Астана» клубтарының қаржылық жағдайы басқалардан көш ілгері екенін ескерсек, екеуі жыл сайын Еурокубок матчтарынан түспеуі керек. Кем дегенде Еуропа лигасында» – деп қорытындылады Жандос Байділда.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай