QazCode мен MeetKai бес елде ұлттық жасанды интеллект платформаларын дамыту үшін серіктестік орнатты
QazCode жасанды интеллект компаниясы америкалық MeetKai ұйымымен стратегиялық ынтымақтастық орнатқанын хабарлады. Қос тарап жаңа тілдік буын модельдерін бірлесе әзірлеп, оқытуды жоспарлап отыр. Бұл бастама VEON жұмыс істейтін бес мемлекетте – Қазақстан, Өзбекстан, Украина, Пәкістан және Бангладеште – жергілікті агенттік AI қызметтерін іске қосуға жол ашады. Жоба 150 миллионнан астам пайдаланушыны қамтып, аймаққа қауіпсіз, сенімді және сұранысқа ие жасанды интеллект сервистерін жеткізуді көздейді.
Қазіргі кезде халықаралық тілдік модельдер аталған елдердің тілдік ерекшеліктерін толық игере алмайды. Бұл олардың медицина, мемлекеттік қызметтер, корпоративтік сектор және басқа да маңызды салаларда қолданылуын шектейді. Осыны ескерген QazCode мен MeetKai әр нарықтың тілдік ортасын терең түсінетін, контекстті дәл жеткізе алатын ұлттық модельдер әзірлеуді мақсат етеді.
Ынтымақтастық аясында MeetKai модельдерді оқыту процесін жүргізеді, ал QazCode жергілікті деректерді, есептік қуатты және технологияларды бейімдеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әр елдің мәдени-тілдік ерекшеліктерін дұрыс көрсету үшін жергілікті мамандар тартылады. Бұл білім беру, медицина, агротехнология, корпоративтік платформалар сияқты салаларда жаңа AI өнімдерінің қалыптасуына серпін бермек. Мәселен, VEON экожүйесінде Aventa тәрізді көптілді AI агенттерін дамыту мүмкіндігі артады.
Қазақстан үшін бұл келісім ұлттық модельдер жасаудан халықаралық AI индустриясына тікелей қатысуға өтудің маңызды қадамы болып саналады. QazCode бұған дейін қазақ тіліндегі алғашқы үлкен тілдік модель — KazLLM әзірлеп, 2025 жылы GSMA Foundry Excellence Award сыйлығын иеленген еді. MeetKai-пен серіктестік осы тәжірибені аймақтағы басқа тілдерге бейімдеуге және бизнес пен пайдаланушылардың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыратын AI шешімдерін жасауға мүмкіндік береді.

QazCode бас директоры Алексей Шаравар жасанды интеллекттің маңызын атап өтіп:
«Қазіргі таңда негізгі AI ресурстары санаулы ғана әлемдік тілдерге бағытталған. Біз жұмыс істейтін елдерде тек сөздерді емес, жергілікті контекстті түсінетін модельдер қалыптастыру маңызды. MeetKai-пен серіктестік арқылы біз өзіміз басқаратын толыққанды ұлттық AI жүйелерін құра аламыз. Бұл аймақтағы жасанды интеллект дамуына жаңа серпін береді», — деді.
MeetKai негізін қалаушы және бас директоры Джеймс Каплан да серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті:
«Нағыз егеменді AI — елдердің өз модельдерін қалай әзірлеп, енгізетінін өздері анықтауынан басталады. QazCode және VEON-пен бірге біз 150 миллионнан астам адамды деректер қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген, олардың ана тілінде жұмыс істейтін ұлттық AI платформаларымен жабдықтай алатынымызды зор мақтаныш деп білеміз», — деді ол.
QazCode бүгінде GSMA, Seerkr Technology және Барселона суперкомпьютерлік орталығы сияқты халықаралық серіктестермен бірге жұмыс істейді. Компанияның құрамында 750-ден астам маман бар және телекоммуникация мен IT саласында сегіз жылдан бері бағдарламалық шешімдер әзірлеу тәжірибесіне ие. QazCode қауіпсіз ұлттық LLM модельдерін құрумен қатар, бизнес-процестерді оңтайландыру, BSS жүйелерін енгізу және IT-аутсорсинг қызметтерін ұсынып келеді. Компания Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс нарықтарында белсенді жұмыс істеп жатыр.

Ал MeetKai — 2018 жылы Лос-Анджелесте құрылған суверенді AI компаниясы. Ұйым ұлттық AI платформаларын, жергілікті тілдердің аналитикалық модельдерін және оқыту аяқталғаннан кейінгі оңтайландыру технологияларын әзірлеуге маманданған. Оның MKA1 флагмандық платформасы үкіметтер мен корпорацияларға деректерді бақылау мен локализацияны сақтай отырып, толыққанды ұлттық AI экожүйесін құруға мүмкіндік береді.
VEON — бес елде 150 миллионнан астам байланыс пайдаланушысын және 140 миллионнан астам цифрлық сервис қолданушысын қамтитын халықаралық цифрлық оператор. Компанияның акциялары NASDAQ биржасында листингтелген.