Путин Қытай азаматтарына Ресей шекарасын асу үшін визасыз режим енгізу туралы жарлыққа қол қойды
Ресей президенті Владимир Путин Қытай азаматтары үшін елге визасыз кіру режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Қытай азаматтары Ресей аумағында визасыз 30 күнге дейін бола алады. Жаңа тәртіп 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін күшінде болады.

Бұл шешім екі ел арасындағы виза саясатын жеңілдету бағытындағы қадамның бірі. Бұған дейін, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап, Қытай да Ресей азаматтары үшін бір жыл мерзімге созылатын сынақ ретінде визасыз режим енгізгенін жаздық. Бұл туралы Қытайдың Сыртқы істер министрлігі ресми түрде хабарлаған. Ресей азаматтары Қытайда визасыз 30 күнге дейін бола алады. Режим 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін қолданысқа енгізілді.
Қытайдың консулдық қызмет департаменті әлеуметтік желіде визасыз режимнің нақты мерзімін тағы да нақтылады.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, визасыз режимнің өзара енгізілуі екі ел арасындағы туризмді, іскерлік ынтымақтастықты және гуманитарлық байланысты жандандырады. Сонымен қатар Қытай мен Ресей арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастың нығая түскенін көрсетеді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай