Қытайдағы саммитте Путин мен Әлиев тек қол алысты

Ресей мен Әзербайжан президенті Владимир Путин мен Ильхам Әлиев Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммиті кезінде екіжақты кездесу өткізген жоқ. Бұл ақпаратты Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады.

«Олар бір-бірін қарсы алды, қол алысты, бірақ бұл жолы диалог болмады», – деді Песков.

Медиада тараған бейнежазбада Путиннің залға кіріп, Әлиевпен амандасып, кейін басқа қонақтарға қарай бет алған сәті көрсетілген.

Мәскеу мен Баку арасындағы шиеленіс

Ресей мен Әзербайжан қарым-қатынасы шиеленіскен тұста екі ел президентінің байланысы ерекше назарға ілікті. 31 тамызда Песков кездесудің болуы әбден мүмкін, олар ертең ШЫҰ отырысында жолығады деп үміттенеміз деген еді.

Алайда Путин мен Әлиев кездескен жоқ. Соған қарамастан, Ресей президенті Армения премьері Никол Пашинянмен және Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөздер өткізді. Ресей көшбасшысының көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуына қарағанда, жоғары деңгейдегі байланыс болмағанымен, екі ел делегациялары ой алмасқан.

Әзербайжан ұшағының апаты

2024 жылдың соңында Әзербайжан мен Мәскеудің байланысы үзіле бастады. Себебі Ресейдің әуе қорғаныс күші Грозный үстінде «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясының ұшағын атып түсірген еді. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Путин бұл оқиға үшін Ресейдің кінәсін мойындамады. Әлиев халықаралық сотқа шағым түсіретінін жариялаған еді.

Жағдай 2025 жылдың маусымында одан әрі ушыға түсті. Екатеринбургте бірнеше жыл бұрын кісі өлтірген деген дерек бойынша Әзербайжан диаспорасының 10-нан астам азаматы ұсталды. Олардың екеуі – Зияддин мен Гусейн Сафаровтар. Олар қаза тапты. Әлиев Ресей құқық қорғаушыларын күдіктілерді азаптап өлтірді деп айыптап, «жүрек талмасы» деген ресми нұсқаны жалған деді. Сафаровтардың денелері Әзербайжанға жыныс мүшелері кесілген күйде қайтарылды, ал сараптама олардың қатыгездікпен соққыға жығылғанын көрсетті. Осыдан кейін Әзербайжан Ресеймен бірлескен іс-шараларды тоқтата бастады.

Әзербайжан мен Украинаға қолдау

Шілде айында Әлиев Украинаны «оккупациямен келіспеуге» шақырды. Бұдан кейін Кремльшіл насихатшылар Әзербайжанды соғыстың жаңа нысаны ретінде қорқытты, ал Ресей армиясы Одесса облысындағы SOCAR компаниясының нысандарын атқылай бастады.

Осы жағдайдан соң Баку Киевке қару жеткізу мүмкіндігін қарастыра бастады. Алиев те елін соғысқа дайын болуға шақырып, Әзербайжанның КСРО құрамында болуын «оккупация» деп атады.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай