Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен дауыл соқты. Салдарынан ғимараттар қирап, электр жарығы сөніп, адамдар жарақат алды. 

«Төтенше қызметтердің мәліметінше, 16 адам зардап шекті, оның ішінде үшеуі – бала. Бір адам көз жұмды – Ақсу қаласында 1968 жылы туған тұрғын қаза болды», – деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Павлодар қаласында 47 нысанның, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеменің шатыры бүлінді. Ақсу және Екібастұз қалаларында 23 нысан, Баянауыл ауданында 7 нысан, сондай-ақ Май және Павлодар аудандарында да ғимараттар бүлінді.

Облыс қалалары мен аудандарында электр қуатының үзілуі байқалды. Қазіргі уақытта Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында электр жарығы өшкен.

Қазір табиғат апатының салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Байланыс және электр беру желілерінің 16 тіреуішін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 300-ден астам адам мен 103 арнайы техника жұмылдырылды.