Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау және табиғи ресурстарды қорғауға бағытталған Orman-AI жүйесі  ел аумағында белсенді түрде дамып келеді.

Бұл бейнебақылау жүйесін цифрлық оператор Beeline Қазақстан өз антенна-мачталық құрылыстарына орналастырып жатыр. Мұнда бұрыннан базалық станциялар жұмыс істесе, енді бейнебақылау камералары да орнатылған.

Жобаның географиясы мен нәтижелері

2022 жылы іске қосылғаннан бері Orman-AI жүйесі Қазақстанның жеті өңірін қамтыды. Қазіргі таңда 100-ден астам бақылау камерасы Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Алматы, Қарағанды облыстарында және Астанада орнатылған.

Алдын ала бағалау бойынша, тек 2025 жылдың өзінде бұл технология 100-ден астам ықтимал өрт жағдайын ерте кезеңде анықтап, алдын алуға мүмкіндік берді. Бұл көрсеткіштер компьютерлік көру мен автоматты бейнені талдау алгоритмдерінің төтенше жағдайлармен күрестегі тиімділігін дәлелдейді.

Технологиялық даму

Жүйе түтінді анықтаған бойда, бағдарламалық қамту автоматты түрде кезекші операторға хабарлама жібереді. Оператор платформада жағдайды көріп, өрт фактісін растайды не жалған дабыл екенін белгілейді.

Бағдарламалық қамтамасыз ету адам араласуынсыз тәулік бойы бейнемониторинг жүргізетін компьютерлік көру алгоритмдеріне негізделген. Жүйе кез келген ауа райында және тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істейді, бақылау аймағында «соқыр нүктелерді» қалдырмайды.

Жүйе өрттің ошағын тез анықтап, оның нақты координаттарын белгілеп қана қоймай, адамдардың өміріне қауіп келтірмей, жұмыс жасайды. Мамандар бағдарламалық құрал арқылы өрттің ауқымын, мысалы, жану аймағы мен жалын шебінің ұзындығын қашықтан бағалай алады.

2025 жылы жоба жаңа даму кезеңіне өтті. Негізгі бағыттардың бірі — Starlink спутниктік терминалдары арқылы камераларды қосу болды, бұл шалғай және қолжетімдігі қиын аймақтарды қамтуға мүмкіндік береді. Алматы облысында екі камера осы технология бойынша жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, бақылау камераларынан келген сигналдарды тексеру және жүйеге енбеген аумақтарды патрульдеу үшін пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) енгізуде. Дрондардың алғашқы ішкі сынағы Алматы облысында өтіп жатыр, ал табысты апробациядан кейін технологияны басқа өңірлерге де енгізу жоспарланған.

Биыл Orman-AI жүйесін қазіргі жұмыс аймақтарында, соның ішінде Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында кеңейту, сондай-ақ жаңа өңірлерде пилоттық жобаларды іске қосу көзделген. Жүйені мемлекеттік экологиялық және өртке қарсы бастамалармен ықпалдастыруға ерекше назар аударылады.

Әлеуметтік-экономикалық әсері

Orman-AI жобасы әлеуметтік, экологиялық және технологиялық артықшылықтарды ұштастырады. Орман өрттерін азайту табиғи экожүйелер мен адам өмірін сақтауға, сондай-ақ өртті сөндіру мен салдарын жоюға жұмсалатын мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«Біз Orman-AI жобасының практикалық маңызын тек өңірлік деңгейде ғана емес, бүкіл ел аясында да көреміз. Әрбір бақылау нүктесі – экологиялық және экономикалық шығындардың алдын алуға, адамдарды, инфрақұрылымды және ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауға қосылған үлес. Заманауи цифрлық технологиялар назарды әрекет етуден алдын алуға  көшіруге мүмкіндік береді, ал біз үшін өрт қаупі жоғары аймақтарда дәл осындай шешімдерді дамыту аса маңызды. Orman-AI – телеком-инфрақұрылым мен жасанды интеллекттің тұрақты даму мен қоғам қауіпсіздігіне қызмет ететін үлгісі,» – деп атап өтті Рауан Кабдрахимов, Beeline Қазақстан экожүйесінің Enterprise Co компаниясының атқарушы директоры.

Orman-AI тәжірибесі жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларының ел ауқымындағы экологиялық қиындықтарды тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетеді.

Орман өрттерін ерте анықтауға бағытталған Orman-AI жүйесіне қосылу үшін өтінімді сілтеме арқылы беруге болады.