Орал қаласында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында тағы бір маңызды жоба жүзеге аспақ. Қаладағы қарқынды дамып келе жатқан «Ақжайық» шағын ауданында заманауи үстел теннисі орталығының құрылысы басталмақ.

Бұл бастама жөнінде өткен кездесу барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР үстел теннисі федерациясының атқарушы хатшысы Данияр Ахметов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, мәслихат депутаттары Ербол Салықов, Борис Лаврентьев, сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов және «Freedom Shapagat» қорының басшысы Бағлана Мусина өңірдегі спорт саласының даму мәселелерін талқылады.

Кездесудің негізгі мақсаты – өңір үшін әлеуметтік маңызы зор жаңа нысанның құрылысын ұйымдастыру және ынтымақтастық бағыттарын нақтылау болды. Нәтижесінде «Freedom Shapagat» қоры, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы және мердігер «ИнтерСтрой НС» компаниясы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Бұл орталықтың салынуы – облыс тұрғындары үшін ерекше жаңалық. Жоба инфрақұрылымды дамытуға, бұқаралық спортты өркендетуге және жастар арасында үстел теннисін кеңінен насихаттауға бағытталған. Қазіргі таңда өңірде 6000-ға жуық адам үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл көрсеткіш – спорттың кең таралып, халық арасында беделінің артып келе жатқанын білдіреді.

Оралдан шыққан талантты спортшылар — Кенжигулов Айдос, Кенжигулов Дастан және Санжар Жұбанов еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп жүр. Олардың жаттықтырушысы, тәжірибелі маман Назарова Сарвар Ризоевна өңірлік спорттың дамуына зор үлес қосып келеді.

Жаңа орталықтың құрылысы 2026 жылы басталады деп жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, өңірде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік туады және жергілікті жастар үшін жаңа спорттық мүмкіндік ашылады.

Сонымен қатар, жеке инвесторлар тарапынан көрсетілген қолдау ерекше атап өтілді. Әкімдік пен федерация өкілдері Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турловқа, сондай-ақ «Freedom Finance Shapagat» қорының және ҚР үстел теннисі федерациясының басшылығына алғыстарын білдірді.

Оралдағы бұл жаңа спорттық жоба — аймақ спортының жаңа белесі болмақ. Ол тек үстел теннисін дамытуға емес, сонымен бірге өңір жастарының салауатты өмір салтын ұстануына серпін береді.