ОПЕК биылғы болжамын өзгертпеді, ал Қазақстан өз міндетін толық орындамады деп хабарлады
ОПЕК ұйымы 2026 жылға арналған жаһандық мұнай сұранысының өсу болжамын бұрынғы деңгейде қалдырды.
Есепке сәйкес, биыл әлемдік мұнайға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда артпақ. Нақты айтсақ, мұнай мұқтаждығы тәулігіне 1,38 млн баррельге өсіп, соңында 106 млн 520 мың баррельге жетеді деп айтылды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше емес елдерде де сұраныс артады. Есепте мұндай қажеттіліктің тәулігіне 1,23 млн баррельге артып, 60 млн 430 мың баррель болатыны жазылған. Ал ЭЫДҰ елдерінде мұнай тұтыну көлемі 150 мың баррельге өседі. Тәулігіне — 46 млн 90 мың баррель.
Сондай-ақ, ОПЕК дерегінше, келер жылы жаһандық мұнай сұранысы биылғы көрсеткішпен салыстырғанда тағы 1,34 млн баррельге ұлғайып, тәулігіне 107 млн 860 мың баррель болады. Оның ішінде ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерде өсім 1,24 млн баррельді құрап, жалпы сұраныс 61 млн 670 мың баррельге дейін жетеді деп болжанды. Ал ЭЫДҰ елдерінде мұнай тұтыну көлемі 100 мың баррельге артып, 46 млн 190 мың баррельге барады.
ОПЕК «Қазақстан 2025 жылғы желтоқсанда мұнай өндіру көлемін 13%-ға қысқартты» деп хабарлады
Қазақстан 2025 жылғы желтоқсан айында тәуліктік мұнай өндіру көлемін қараша айымен салыстырғанда 13%-ға азайтқан. Бұл туралы ОПЕК-тің ай сайынғы есебіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.
Есепке сәйкес, желтоқсанда Қазақстанда тәулігіне 1,522 млн баррель мұнай өндірілген. Қараша айында бұл көрсеткіш 1,759 млн баррель болған.
ОПЕК+ келісімі аясында Қазақстанның желтоқсан айына белгіленген өндірістік квотасы тәулігіне 1,569 млн баррельге дейін ұлғайды.
Алайда өндіріс көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелерін толық орындаған жоқ. Бұған елдегі ірі мұнай өндіруші саналатын «Теңізшевройл» компаниясының Теңіз кен орнында өндірісті арттыруы әсер еткен.
ОПЕК дерегіне қарағанда, Қазақстан 2026 жылғы шілдеге дейін өткен айлардағы артық мұнай өндіру көлемін өтеуге тиіс. Жалпы компенсация көлемі тәулігіне 3,536 млн баррельге шықты. Бұл өтемнің негізгі бөлігі 2026 жылға жоспарланған.