Одақ басшысы жазушылардың шығармалары тек есеп беру мен ақша табу үшін ғана аударылады деп айтты

Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов аударма мәселесіне тоқталып, қазақ авторларын шетелге таныту жолындағы бөгесіндерді ашып айтты.
Жазушылар Одағы басшысы қазақ жазушыларының шығармашаларын шет тілдерге аудару ісін жолға қою керегін айтты.
Мемлекет шығарманы қолдауы керек. Бірақ шығарма соған лайықты болуы қажет. Ол шығарма қазақ тілінде жазылған болуы мүмкін. Мысалы, Мағауинді алайық. Оның шығармасы лайықты деп айтамыз. Бірақ ол қалай аударылды? Ол бірінші ағылшын тіліне аударылуы керек. Содан кейін тағы 1,2 тілге, айталық неміс тіліне аударылуы қажет. Ол жетекшілер үшін. Бірақ бұл аударманы ағылшын не неміс тілдерін білетін кез келген қазақ аудара алмайды. Өйткені оны қабылдамауы мүмкін. Яғни оны сол жерде аудармамен айналысып келген, өмір бойы ағылшын тілін оқып келген аудармашы ғана аударса, ол қабылданады. Біз осыны ойлауымыз керек, — деді ол.
Мереке Құлкенов қазірге дейін жасалып келген аудармаға күмәнмен қарайтынын айтты. Сөзіне қарағанда, қазіргі аударма ісі тек қаржыны ғана көксейді.
Бұл тек коммерциялық жобалар. Ол қазақтың жазушысын таныту үшін емес, қазақтың жазушыларын «ана жаққа» шығардым деп айту үшін жасалады, — дейді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы.
Айтуынша, еліміздегі аударма жүйесі мен шетелдегі баспалар арасындағы байланыс өте нашар.
Бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов әдебиетті білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Сондай-ақ ол қазір мектептерде әдебиет пәні тиісті деңгейде оқытылмай отыр деп есептейді. Сөзінше, әдебиет пәнінің мұғалімдері өте салақ жұмыс істейді.