Оқу-ағарту министрлігі елімізде үш ауысымды оқытудың толық тоқтатылатынын мәлімдеді

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім беру үдерісіне қатысты маңызды мәлімдеме жасап, ауыл мектептеріндегі оқу жағдайы қалалық стандарттарға жақындайтынын жеткізді.
Министрліктің хабарлауына қарағанда, биылғы оқу шылынан бастап үш ауысымды оқыту тоқтатылады:
— 2025–2026 оқу жылында шамамен 300 мың оқушы орнына арналған 200-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 206 мың орындық 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 15 апатты мектеп жойылып, үш ауысымды оқыту тоқтатылады, шамамен 150 мың орын тапшылығы қысқарады, сондай-ақ ауыл мектептеріндегі оқу жағдайы қалалық стандарттарға жақындайды, — деді министр.
Қазір Қазақстандағы 245 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған. Бұл жұмыстарға шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізу, мектеп ауласын абаттандыру және көгалдандыру кіреді.
Сонымен қатар қосымша 1000 ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны хабарланды.
— Білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Ол үшін жергілікті жерлердегі нақты жағдайды білу, көру маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлу қажет, — деп айтты Ғани Бейсембаев.