Нигерия мемлекеті Қазақстаннан «шетелге қалай мұнай-газ сатуды» үйренуге мүдделі

фото: primeminister.kz
Нигерия Қазақстанның мұнай-газ саласындағы тәжірибесіне меңгеруге мүдделі. Африкадан жеткен өкілдер отандық мұнай-газ өндіру технологиясын, инжинирингтік қызмет мен тиімді өнім тасымалын үйренуге ниет етіп отыр.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді. Министр Ерлан Ақкенженов пен Нигерияның Ифе халқының королі, Ұлы мәртебелі Огунвуси Адейейе кездесті.
Нигерия елі Қазақстанның қалай мұнай-газ тасымалдау сырына қанығып, заманауи әдістерді зерделеуді ниет етіп отыр. Сондай-ақ өз мамандарын елімізде оқытуға мүдделі екенін ерекше атады:
«Біз мұнай газ саласындағы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Қазақстандық компаниялар мұнай-газ сервисінде қажетті құзыреттерге ие. Сонымен бірге біз оларды бірлескен энергетикалық жобаларға қатысуға жағдай жасаймыз. Мұндай ынтымақтастық отандық сервис секторының дамуына және компанияларымыздың сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік береді», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ еліміздің ірі кен орындарын игеру, күрделі көлік инфрақұрылымын салу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты дамыту салаларында жинақталған мол тәжірибесі осындай халықаралық серіктестікке негіз болып отыр.