2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы дерекке қарағанда, Қазақстанға сырттан әкелінетін көкөніс пен жеміс-жидек көлемі артты. Импорт құны 3,2%-ға өсіп, 559,7 млн долларға жетсе, тасымалданған өнім көлемі 10,3%-ға көбейіп, 1,2 млн тонна болды.

Еліміз шетелден келген түрлі жеміс-жидек пен көкөністі көп тұтынады. Ең көп импортталған өнімдер қатарында банан (49,5 млн доллар), картоп (46,3 млн доллар), қызанақ (42,7 млн доллар), жүзім (34,3 млн доллар), пияз (32,2 млн доллар), алма (32,1 млн доллар), цитрус өнімдері (31,2 млн доллар) және шабдалы (26,6 млн доллар) бар.

Биыл Қазақстанға өнімін импорттаушы елдер арасында өзгеріс байқалды: жылда көш бастайтын Өзбекстанның орнын Қытай басқан. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қытайдан импорт 39%-ға өсіп, 181,7 млн долларға жетті. Ал Өзбекстаннан жеткізілетін өнім көлемі 12%-ға азайып, 128,6 млн доллар болды.

Қытайдың алға шығуына картоп импортының күрт артуы (33,4 млн доллар, 136 мың тонна), жүзім саудасы көлемінің екі есе өсуі (22,8 млн доллар, 34,9 мың тонна) негізгі себеп болды. Сонымен қатар Қытай алғаш рет Қазақстанға сәбіз экспорттай бастады, цитрустық жемістер, өрік және қызанақ әкелу де айтарлықтай көбейді. Нәтижесінде Қытайдан келетін өнім көлемі бір жылда 2,2 есеге өсіп, 401 мың тоннаға жетті. Бұл Өзбекстаннан импортталған 360 мың тоннадан жоғары.

Жалпы алғанда, Қазақстанға әкелінетін барлық жеміс-жидек пен көкөністің шамамен 55%-ы Қытай мен Өзбекстанның үлесінде.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай