Ұлттық қор бюджетінде кіріс аз, шығын көп

2015 жылдан бері республикалық бюджеттің шамамен үштен бірі Ұлттық қордан бөлінген қаржы арқылы жабылып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша Ұлттық қордағы қаражат көлемі 33 триллион теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 13,5 пайызға артты. Алайда, активтердің өсуіне қарамастан, қордан жұмсалған шығын көлемі де көп болды – 6,2 триллион теңге, оның басым бөлігі бюджетке бөлінген трансферттерге бағытталды. Бұл деректер Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін бағалаған Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында көрсетілген.
2024 жылы Ұлттық қорға түскен түсімдер көлемі 3,8 триллион теңгені құрап, жоспарланған 4,5 триллион теңгеден 15 пайызға кем болды. Жыл ішінде республикалық бюджетті нақтылау кезінде жоспарланған түсімдер көлемі де 1,4 триллион теңгеге қысқартылған. Мұнайдың тұрақты бағасына қарамастан, мемлекеттік бюджет әлі де Ұлттық қордың мұнай кірістеріне айтарлықтай тәуелді болып отыр. Мәселен, мұнай секторындағы ұйымдардан түскен тікелей салық көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 748 миллиард теңгеге азайған. Сондай-ақ қор қаражатын қалыптастыратын компаниялар саны сегіз есе азайып, 24 ұйым ғана қалды. Бұл өзгерістердің салдарынан Ұлттық қорға кемінде 166 миллиард теңге түспей қалған.
2024 жылы Ұлттық қордан жұмсалған қаражат көлемі 6,2 триллион теңге болды. Оның ішінде 5,6 триллионы республикалық бюджетке трансферт ретінде бөлінді. Бұған қоса, 467,4 миллиард теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» акциялары сатып алынса, 84,4 миллиард теңге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының облигацияларын қаржыландыруға жұмсалған. Қор қаражатын басқаруға арналған шығындар 21,5 миллиард теңге. Салық емес түсімдер көлемі 17,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе өскен. Бұған республикалық меншікті жекешелендіруден, ауыл шаруашылығы жерлерін сатудан және квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелі ортаға өткізуден түскен қаражат бөлінді.
2024 жылы қор 4,9 триллион теңге көлемінде инвестициялық табыс тапты. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 1,7 есе артық. Алайда қордың валюталық активтері 58,8 миллиард АҚШ долларын құрап, бір жылда 1,2 миллиард долларға төмендегені байқалады. Қор активтерінің құрылымы да әртараптандырылған: 36 пайызы акцияларда, 27 пайызы дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларында, 19 пайызы дамушы нарықтарда, 9 пайызы корпоративтік облигацияларда, 6 пайызы алтын қорында, ал 3 пайызы баламалы қаржы құралдарында сақталып отыр.
Қордан бөлінген қаражаттың елеулі бөлігі облигациялық қаржыландыруға жұмсалып, қайтарымы төмен деңгейде қалып отыр. 2009 жылдан бері «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ облигациялары арқылы 3,7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенімен, оның тек 454 миллиард теңгесі ғана қайтарылған. Бұл жағдай Ұлттық қор активтерін 2030 жылға дейін 100 миллиард доллар деңгейіне жеткізу жоспарына кедергі келтіруі мүмкін. Бұдан бөлек, бұл ұйымдардан түскен сыйақы көлемі де мардымсыз: 2024 жылы қор бар болғаны 45,5 миллиард теңге сыйақы алған.
Ұлттық қордың қаражатын басқару мен пайдалану әртүрлі заңнамалық және нормативтік құжаттармен реттелетіндіктен, құқықтық тұрақтылық проблемасы да өзекті болып отыр. Бұған мысал ретінде 2014–2019 жылдары «Бәйтерек» холдингі шығарған облигациялар бойынша келісімдердің ұйымдастырылмаған нарықта жасалғанын және олардың 30 жылға дейінгі мерзіммен өте төмен мөлшерлемемен (0,1–0,15%) тағайындалғанын айтуға болады.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке қордан алынған қаражатты қайтару механизмін әзірлеуді және экономикалық өсім тұрақталған кезеңде нысаналы трансфертті шектеуді ұсынады. Бұл шаралар енді заң жүзінде де бекітілді: жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, нысаналы трансферттер тек стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларға ғана бөлінеді, ал квазимемлекеттік секторды жеңілдікпен қаржыландыруға тыйым салынып отыр. Сонымен қатар, Ұлттық қор қаражатын ішкі қаржы құралдарына немесе ағымдағы мемлекеттік шығындарға пайдалануға рұқсат жоқ.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай