Ұлттық банктің халыққа неліктен ашық есеп бермей отырғаны айтылды

Ұлттық банк халықаралық арбитраждағы резонансты істерге қатысу үшін Ұлттық қор туралы ашық есеп беруді кейінге ысырып келген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.
— Банк Ұлттық қорды басқарудың ашықтығын әлемдік стандарт бойынша жүргізмейді, — деп сұрады Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков.
Ұлттық банк басшысының орынбасары мұның себебін халықаралық арбитраждағы істермен байланыстырды.
— Ұлттық банк — бұл қордың сенімгерлік басқарушысы. Сондықтан Ұлттық банк тарапынан бүкіл есеп жыл сайын Үкіметке беріліп отырады. Ол есептерді қаржы министрлігі жинақтап, Президенттің Жарлығымен бекітеді. Осыдан кейін міндетті түрде жариялануға тиіс. Дегенмен де соңғы жылдары бұл ақпарат толығымен жарияланған жоқ. Себебі, өздеріңіз білесіздер, халықаралық арбитражда резонансты істер болды. Биылдан бастап, жақын арада Жарлық шығады. Содан кейін есептілік толығымен жарияланады. Ол жерде сіз айтқан инвестициялық көрсеткіштер де, мемлекеттер бөлінісіндегі мәліметтер, табыстылық пен валютаға қатысты бүкіл ақпарат болады, — деді ол.
Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк бұл тұрғыдағы есептерін үшін ай сайын және тоқсан сайын өз сайтында жариялауды жоспарлап отырғандарын айтты.
— Қазір осы есептіліктің формалары дайындалып жатыр. Сыртқы бақылауға келсек, Ұлттық қорға қатысты бақылау өте ерекше. Ұлттық қорды басқаруға қатысты арнайы кеңес бар Осы қордың қаражатының тиімді игерілуін бақылайтын арнайы комиссия бар. Сондықтан дәл қазір арнайы бір органның құрылуын жоспарлап отырған жоқпыз, — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Еске салсақ, 2024 жылдың аяғында Ұлттық қор мен Әділет министрлігі бірнеше жылға созылған Стати ісі Қазақстанның мүддесіне сай аяқталғанын мәлімдеген болатын.