2025 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстанның таза халықаралық резерві 59,98 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы төртінші рекордтық деңгей екенін Ұлттық банк хабарлады.

Жыл басынан бері халықаралық активтер көлемі 37,65%-ға немесе 16,4 млрд долларға өскен. Ал қараша айының өзінде резервтер 3,44%-ға, яғни 2 млрд долларға артты. Алайда айлық өсім қарқыны бұрынғы айлармен салыстырғанда баяулаған. Мәселен, қазан айында өсім 4,93%, ал қыркүйекте 5,79% болған.

Қазақстанның таза халықаралық резерві еркін айырбасталатын валютадағы активтер мен Ұлттық банктің міндеттемелерін есепке алмағанда сақталатын монетарлық алтыннан қалыптасады. Қараша айында еркін айырбасталатын валютадағы активтер 5,26%-ға немесе 973 млн долларға азайып, 17,5 млрд долларды құрады. Соңғы бес айда бұл көрсеткіштің өсуі мен төмендеуі алма-кезек өзгеріп отыр. Ал жыл басынан бері ЕАВ активтері 20,2%-ға қысқарған.

Сонымен бірге, монетарлық алтын көлемі 2025 жылдың ақпан айынан бастап тұрақты түрде ұлғайып, валюталық активтердегі құбылмалы өзгерістерді өтеп отыр.

Тек қараша айының өзінде алтын қоры 6,2%-ға өсіп, 44,5 млрд долларға жетті. Ал жыл басында бұл көрсеткіш 23,8 млрд доллар болған. Осылайша, алтын қоры жыл басынан бері 86,8%-ға артты.

Бұдан бөлек, Ұлттық банктің міндеттемелері де төмендеді. Қазан айында олар 2,46 млрд долларды құраса, қараша айының қорытындысы бойынша 2,09 млрд долларға дейін азайған, бұл 15%-дық төмендеуді білдіреді.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай