Қазақстанда қос азаматтыққа қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынысы қарастырылмақ. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мәжілістегі жалпы отырыста мәлімдеді, деп хабарлайды ELORDAMEDIA ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында депутат Болатбек Нажметдинұлы Конституцияда қос азаматтыққа тыйым салынғанына қарамастан, кейбір азаматтар өзге елдің төлқұжатын алып, оны жасырын ұстайтынын айтты. Оның сөзінше, мұндай адамдар Қазақстан азаматының барлық құқықтары мен жеңілдіктерін пайдалана береді.

– Қазір қос азаматтығы бар адамдар анықталған жағдайда көбіне айыппұлмен ғана құтылады. Мен мұндай фактілер бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасын көтермекпін. Бұл ұсынысты министрлік қолдай ма? – деп сұрады депутат.

Жауабында Ержан Саденов бұл бастаманы талқылауға дайын екенін жеткізді:
– Парламент заң қабылдайтын болса, біз оны орындауға әзірміз. Өзіңіз дұрыс айттыңыз, қос азаматтық қылмыстық әрекеттерге де жол ашуы мүмкін. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе. Сондықтан талқылауға дайынбыз, – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында қос азаматтыққа қатысты мыңнан астам жағдай тіркелгені хабарланған.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, егер азамат өзге мемлекеттің азаматтығын алса, 30 күн ішінде көші-қон қызметіне хабарлап, Қазақстан азаматтығынан шығу рәсімін ресми түрде тіркеуі қажет.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай