Ұлт медицинасының ұлы жетістігі. Ұлытау облысы тарихында алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды

Ота «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға тиесілі «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында өтті. Бұл – «Өркендеу Ассистанс» ЖШС басқаруындағы, Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарының ондығына кіретін Ұлытау облысындағы ірі жеке меншік медициналық мекеме.
Жезқазған қаласының тұрғындары – 60 жастағы әйел адам мен 52 жастағы ер адамға отаны медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиохирургі, профессор Юрий Пя жасады. Юрий Пя кардиохирургия саласы бойынша әлемдік деңгейде мойындалған білікті маман.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі жолдауына сәйкес келеді және ең алдымен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ол «Өркендеу Ассистанс» ЖШС бастамасымен және «Қазақмыс» корпорациясының қаржылық қолдауымен Ұлытау облысының тұрғындарына кешенді кардиологиялық көмек көрсету бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Осы тектес операцияларды жасау үшін «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС жан сақтау бөлімшесі қайта жабдықталып, 650 млн теңгеге қажетті жабдық сатып алынды.
Орталық заманауи инфрақұрылыммен, жоғары дәлдіктегі жабдықтармен жабдықталған. Мұнда емделушілерге кәсіби біліктілігі жоғары медициналық персонал қызмет көрсетеді. Мекеме өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге (ЖТМК) рұқсат беретін Ұлттық аккредитацияның жоғары санатына ие жалғыз ұйым болып саналады.
Операцияларды сәтті өткізгеннен кейін Юрий Пя осындай тәжірибелер арқылы өңірлердегі кардиохирургиялық қызметті дамыту маңызды екенін атап өтті.