Әлемдегі ТОП-10 чат-бот анықталды

Onelittleweb-тің хабарлауына қарағанда, 2025 жылдың ТОП-10 ЖИ негізделген чат-боты анықталды.
Әлемдік көрсеткіш бойынша көш бастап тұрғаны – ChatGPT. Оның жылдық қолданысы 46,6 миллиардқа жетіп, орта есеппен әр қолданушы 15 минуттан астам уақытын осы құралда өткізген. App Store-дағы 26 миллионнан аса пікір де оның кеңінен таралғанын дәлелдейді.
Сонымен қатар, Илон Маск негізін қалаған Grok ерекше серпіліс жасады. Жылдық көрсеткіші 686,9 миллион болса да, өсім қарқыны миллиондаған пайызға жетіп, рекордтық деңгейде тіркелді. Дегенмен қолданушылар бұл ботта орта есеппен небәрі 9 минут қана уақыт жұмсайды.
Google-дың Gemini жобасы 1,7 миллиард қолдануға ие болып, бір жылда 156 пайызға өсім көрсеткен.
Ал Anthropic жасаған Claude шамамен 1,2 миллиард рет қолданылып, қолданушылардың ең ұзақ уақыт кідіріп отыратын құралына айналды: орташа сессия уақыты 16 минут 44 секунд.
Қытайлық DeepSeek те назардан тыс қалған жоқ – оның қолданысы 2,7 миллиардқа жетіп отыр.
Perplexity болса 1,5 миллиардқа жуық трафик жинап, ақпарат іздеуде ерекше форматымен танылды.
Meta компаниясының AI құралы 130 миллионнан аса қолданысқа жеткенімен, өсімі 468 пайызға артып, әлеуеті зор екенін көрсетті.
Poe платформасы 378 миллион қолдану нәтижесін көрсетсе де, өткен жылға қарағанда 46 пайызға төмендеген.
Ал Еуропалық Mistral әзірге 101 миллион деңгейінде, бірақ оның өсімі 420 пайызды құрап, қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Жалпы алғанда, ChatGPT абсолютті көшбасшылықты сақтап тұр. Grok – жылдам өсімімен ерекшеленсе, Claude – қолданушыларды ұзақ уақыт ұстап тұруымен алда. Gemini мен DeepSeek үлкен аудитория жинауға жақын. Meta AI мен Mistral әлі шағын көрінгенімен, келешегі бар.