«Келісі 1600 теңге». Министрлік киік етінің бағасына қатысты ұсыныс айтты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі киік етінің құнына қатысты мәлімет берді. Министрлік өкілдерінің хабарлауына қарағанда, киік етінің ұсынылатын құны — килограмына 1600 теңге.
Бұған дейін Айдарбек Сапаров киік етінің нақты бағасы 10 күн ішінде анықталатынын хабарлаған еді.
— Жұмыс енді ғана басталды, бұл іспен Экология және табиғи ресурстар министрлігі айналысып жатыр. Біздің міндет — ет комбинаттарын қамтамасыз ету. Қазір 18 кәсіпорын тіркелген, оларда ветеринарлық мамандар да жұмыс істейді. Баға, логистика және сату форматына байланысты одан арғы процесс анықталады. Бір апта ішінде, әрі кетсе 10 күнде нақты мәлімет береміз, — деді ол Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ елімізде киіктердің санын реттеу туралы шешім қабылданғаны белгілі. 2025 жылғы есепке сәйкес, аталған жануарлардың популяциясы 3,9 миллионға жетіп, 1974 жылғы тарихи максимумнан (1,2 млн) үш есе артқан. Тек Батыс Қазақстан облысының өзінде 2,3 миллионнан астам киік жөңкіліп жүр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуына қарағанда, киіктердің санын реттеу туралы шешім Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Зоология институтының ғалымдары дайындаған биологиялық негіздеме мен Аустралия, Финляндия, Канада, АҚШ және ОАР-дың жабайы жануарлар популяциясын тұрақты басқару саласындағы халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып қабылданды.