Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтар мен Халық Қаһармандары

Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсетіп, отты жылдардың жалынын биік рух, қажымас қайратымен қайырған 500-ден аса отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал тәуелсіздікті қалпына келтірген жылдары «Халық қаһарманы» атағымен 12 соғыс ардагері наградталды.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» орденінің үш дәрежесіне халқымыздың біртуар батырлары – Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру туралы заңға қол қойды.
Бұл – ерліктің символына айналған батырлар есімін ұлықтаудың жарқын мысалы.
110 қазақстандық «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды.
Жастық жігерін жанпида еткендер
Қазақстандық жауынгерлер, Алтын Жұлдыз иегерлері Сұлтан Баймағамбетов, Ағаділ Сұхамбаев Иманғали Балтабанов, Сүндетқали Есқалиев, Иван Бабин, Буран Нысанбаев өз денесімен дзоттарды жауып, Александр Матросовтың ерлігін қайталады.
Кеңес Одағының Батыры атанған ең жас қазақ — 18 жастағы Жәнібек Елеуісов. Ол Днепр өзенін кесіп өту кезінде ерлік жасап, көз жұмған.
Қос мәрте Батыр атанғандар
Қазақстаннан қанаттанған төрт ұшқыш екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған. Атап айтқанда, Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский қос рет марапатталды.
Панфиловшы полковник, аты аңызға айналған әскери стратег Бауыржан Момышұлы да кейіннен Батыр атағы берілді.
Жеңіс тарихында тағы бір қазақ батырының есімі ерекше аталады. Ол – Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев еді.
Шығыстан шыққан шынарлар
Кеңес Одағының батыры әрі қазақ халқының мақтанышына айналған арулар да аз емес. Ерлігі ел есінде қалған пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова есімін ерекшелей айтуға болады. Олар – Шығыс пен Кавказ өңірлерінен шығып, Кеңес одағының батырлары атанған бірден-бір әйелдер.
Қолда бар деректерге сүйенсек, Әлия Молдағұлова 18 жасында 78 фашист сарбазын өлтіріп, сұңғыла мергендігімен ерекшеленген.
Екінші дүниежүзілік соғысының қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы – Хиуаз Қайырқызы Доспанованың батырлығы бар әлемге әйгілі. Дегдар ұшқыш, айбынды ару соғыстан кейін де лауазымды қызмет атқарған. Қазақстанның бұрынғы президенті Н. Назарбаевтың арнаулы жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген.
Хиуаз Доспанова 2008 жылдың 20 мамырында Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды.