Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай құтты болсын айтып, тәуелсіздігін қалпына келтірген жылдарда мұнай өндірісінің 4 есе ұлғайғанын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ мұнайының өндірілгеніне 125 жыл болғанын айтып, қара алтынның құнды мерейтойына ерекше тоқталды.  Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толғанын, Шымкент мұнай өңдеу зауытының 40 жыл жұмыс істеп келе жатқанын, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ашылғанына 25 жыл болғанын мәлімдеді.

«Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз», – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының тегершігі саналатын Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртудан өткенін жеткізді. Нәтижесіндее ішкі нарық үдесіне сай сапалы жанар-жағармай ұсынып отырғанын атады:

«Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Қазір бұл бағытта бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар іске асырылуда. Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді президент.

Президент өз сөзінде шетел инвесторларының қомақты үлесін де айқындай кетті. Мердігерлердің мол қаражат құйып, өндіріс саласының ілгерілеуіне үлкен үлес қосып жатқанын айтты.

«Соның ішінде полиэтилен зауытын ерекше атап өткім келеді. Бұл – шетел инвесторларымен бірге іске асырылып жатқан маңызды жоба. Инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» секілді ірі теңіз кен орындарын игеру басталды. Алты миллиард доллардан астам инвестиция салынады. Теңіз платформаларының құрылысын отандық кеме құрастырушы кәсіпорындар жүргізеді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласындағы үлкен оқиға болмақ. Аталған жобалардың бәрі энергетикалық әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Мұның игілігін барша халық көреді», – деді Тоқаев.