Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін  тілшілер  Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа сұрақ қойған. Министр әуе компанияларындағы овербукинг мәселесін көтерген.

Көлік министрінің айтуынша, азаматтық авиация комитеті тиісті тексеруді бастаған:

— Біріншіден, овербукинг — әлемнің көптеген елінде қолданылып жүрген тетік. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтергенбіз. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтерге келсек, Азаматтық авиация комитеті тиісті тексеруді бастады. Тексеру нәтижесі жарияланатын болады. Тараған ақпараттың шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін осы тексеріс анықтайды, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әуе тасымалдаушылары «овербукинг», яғни ұшақтағы орын санынан артық билет сату тәжірибесін жиі қолданатыны туралы хабарланған еді.

Қазақпарат жазуынша, бұған дейін FlyArystan әуе компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов Air Astana топ-менеджментінің мүддесіне орай әуе билеттері жеңілдікпен сатылғанын мәлімдеген.

Аталған мәлімдемеге қатысты Air Astana компаниясы ресми жауап берген.

— Компания қызметкері Абулханов Р. жасаған жарияланымдардың әлеуметтік желілерде таралуына байланысты компанияның ұстанымын белгілеу қажет деп санаймыз.

Қазіргі таңда аталған адамға қатысты құзыретті органдардың іс жүргізуіндегі қылмыстық іс шеңберінде іс жүргізу әрекеті жүргізіліп жатыр. Компания қолданыстағы заңнама шеңберінде қатаң әрекет етіп, тергеуге қажетті жәрдем көрсетіп жатыр. Iстiң нақты мән-жайларын бағалау, сондай-ақ кiнәлі не кiнәсiздiгі туралы тұжырымдар соттың құзыретiне ғана жатады, — делінген хабарламада.

Air Astana басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін компания тарапынан қудалау болды деген шындыққа жанаспайтынын айтты.

— Басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін компания тарапынан қудалау болды деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және қоғамдық пікірмен айла-шарғы жасаудың жолы.

Көпшілік жарияланымдарда сондай-ақ компания қызметкерлерінің ішкі хат алмасу фрагменттері ретінде ұсынылған бейнелер көрсетілген. Компания көрсетілген материалдардың дұрыстығын, толықтығын және түпнұсқалығын растамайды. Олардың шығу мән-жайын және мазмұнын тексеру заңда белгiленген тәртiппен ғана мүмкiн, — делінген хабарламада.