Көлік мінемін деп несие алмаққа ниеттенгендер сұранысы 48%-ға өсті
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (АФК) сарапшылары автонесие 9 ай ішінде жарылғыш қарқынмен өскенін атады. Ал өтінімдер саны 48%-ға, берілген несиелер көлемі 47%-ға артқан. Автонесие алатындар саны артып келеді, алайда тұрақтандырушылардың әрекетіне байланысты, процесс баяулауы мүмкін деп хабарлады АФК.
9 айда автонесиеге берілген өтінімдер саны жылына 48%-ға өсті (былтыр бұл көрсеткіш – 50% болған). Автонесие беру барлық сегменттер ішінде жаңа несиелер өсімі бойынша да көш бастады – 47%-ға жеделдеді (бір жыл бұрын – 35%). Нәтижесінде, сегменттің жалпы несие портфелі 35%-ға ұлғайды.
Сарапшылар бұл өсімге әсер еткен фактор ретінде акция өнімдері, банктер мен дилерлердің төмен мөлшерлемелері бар кеңейтілген бағдарламаларын атады. Сондай-ақ сұраныстың артуы және қарыз жүктемесі коэффициентін есептеудегі жеңілдіктер де себеп деді. Кейінгі кезде автокөлік жеке тұлғаға да, бизнеске де қажет болғандықтан сұраныс артты.
Автонесиелер бойынша орташа мөлшерлеме де жылдың бірінші жартысында төмендеген. Өтінімдерді мақұлдау үлесі 16,5%-дан 17,5%-ға дейін артты. Соның нәтижесінде жаңа несиелер құрылымында автонесиелердің үлесі 9,5%-дан 12,4%-ға, ал бөлшек несие портфелінде 13,7%-дан 15,9%-ға өсті.
«4-тоқсанда сұраныс төмендеуі мүмкін, базалық мөлшерлеменің жоғарылап, банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптары күшеймек. Осы жағдайға байланысты автонесие алу процесі жалғасуы мүмкін, алайда неғұрлым баяу қарқында. Алда аталмыш сектор бірқалыпты даму фазасына өтеді», – деп мәлімдеді АФК.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай