Әйел – Қазақстанның жаңа «мұнайы»: Астанада Re.Women «Әйел – әлемнің жарығы» форумы өтті
Астанада Re.Women Astana әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Әйел – әлемнің жарығы» атты ауқымды форум өтті. Шара қоғамда, бизнесте және мемлекеттік басқаруда әйелдердің рөлі мен әлеуетін талқылайтын ашық диалог алаңы болды. Форумға 400-ге жуық қатысушы, лидер әйелдер, депутаттар, кәсіпкерлер, IT, мәдениет, білім және медиа саласының өкілдері жиналды.
Форумның басты идеясы Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында көрсетілген мақсаттармен үндес. Атап айтқанда, әйел көшбасшылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және рухани-отбасылық құндылықтарды сақтау бағыттары форумның өзегіне айналды.

Іс-шара Respublica партиясының қолдауымен ұйымдастырылып, төрт негізгі бағытты қамтыды: бизнес, отбасы, IT және әлеуметтік-саяси даму. Әр сессияда әйел көшбасшылығының түрлі қырлары, кәсіпкерліктегі табыс, инновациялық технологиялардағы рөл, отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрді сақтау мәселелері қозғалды.
Форум спикерлерінің қатарында Мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Екатерина Смолякова, Динара Наумова, кәсіпкерлер Айгүл Ахметова, Сәуле Сағади, Мақпал Ораққызы, медиа сарапшы Санди Сұлтан, республикалық әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары Айдана Тоғызбаева және Respublica партиясының елордалық филиалының директоры Шыңғыс Түсіпбаев болды.

Мәжіліс депутаты әрі Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров форум барысында:
«Біздің Мәжілістегі фракция құрамының жартысы әйелдерден тұратын жалғыз фракция. Сондықтан әйелдерді қолдау біз үшін басым бағыт. Re.Women қозғалысы небәрі бірнеше ай бұрын құрылса да, бүгінде оның құрамында 2000-нан астам белсенді әйел бар. Мен сенімдімін, әйелдер – Қазақстанның жаңа мұнайы», деді ол.
Re.Women қозғалысының бастамашысы, Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков та өз сөзінде отбасының және әйелдің қоғамдағы маңызын атап өтті:
«Біз ұлы жетістіктер мен күрделі мәселелер қатар жүретін заманда өмір сүріп жатырмыз. Адамның бастауы – отбасында. Ал сол құндылықтарды қалыптастыратын – әйел», деді ол.

Форум аясында Re.Women қауымдастығын дамытудың жаңа стратегиясы таныстырылды. Бағдарлама әйелдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, аймақтардағы бастамаларды қолдауға және олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына бағытталған.
«Қазақ әйелінің күші – рухани құндылықтарды даму мен өрлеуге деген ұмтылыспен ұштастыра білуінде. Әйел бизнес пен саясатта табысқа жетіп, сонымен қатар отбасының жылуын сақтап, дәстүрдің жалғастырушысы бола алады», деді форум ұйымдастырушыларының бірі, кәсіпкер Сәуле Сағади.

Форум қорытындысында қатысушылар өңірлерде жаңа алаңдар құруға, бірлескен жобаларды іске асыруға және әйелдердің адами капиталы мен цифрлық құзыреттерін дамытуға келісті.
«Әйел – әлемнің жарығы» форумы Re.Women қозғалысының ел дамуына үлес қосып жүрген әйел көшбасшыларының әлеуетін айқындап, олардың қоғамдағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.