Иранда ұлттық валютаның құнсыздануы мен жоғары инфляцияға байланысты басталған жаппай наразылық науқаны 12-күн қатарынан жалғасып жатыр. DW басылымы елдің әр өңірінде өткен шерулер кезінде кемінде 45 адам қаза тауып, олардың сегізі кәмелетке толмағанын хабарлап, жазды.

Бейсенбіде Тегеранда наразылық білдірушілер қаланың негізгі жолының бірі Аятолла Кашани көшесін жауып тастады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан көшеге шыққан халық пен көліктердің кептелісі байқалады. Куәгерлердің айтуына қарағанда, қауіпсіздік күштері шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Белсенділер таратқан бейнежазбаларда Тегеран көшелерінде полиция көліктерінің өртенгені де көрінеді. Жаппай наразылық Мешхед, Керманшах және басқа да ірі қалаларда өткен.

Иранда интернет толықтай бұғатталды

Наразылықтар кезінде Иран билігі ел тұрғындарын интернетті қолданудан шектеді. Ұлыбританиядағы NetBlocks ұйымының мәліметіне қарағанда, елде «жалпыұлттық интернет-блэкаут» орнаған. Ал Cloudflare IT-компаниясы 8 қаңтарда Ирандағы интернет-трафик шамамен 90 пайызға төмендегенін хабарлады. Сарапшылардың болжамына қарағанда, интернетке тек мемлекеттік қызметкерлер мен күштік құрылым өкілдері ғана кіре алады.

Трамп Тегеран басшылығына қайта ескерту жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп Salem News Channel арнасына берген сұхбатында Иран билігінің әрекетіне қатысты ойы өзгермегенін айтты. Егер Тегеран билігі бейбіт тұрғындарға күш қолданса, АҚШ қатаң шаралар қабылдайтынын жеткізді. Трамп иран халқын «батыл халық» деп атап, әкімшілігінің жағдайды жіті бақылап отырғанын жеткізді.

Норвегиялық Iran Human Rights (IHR) ұйымының соңғы дерегіне сәйкес, наразылық басталғалы бері кемінде 45 адам қаза тапқан. Ал Иран билігі мен мемлекеттік БАҚ бұған дейін 21 адамның, оның ішінде қауіпсіздік қызметкерлерінің де көз жұмғанын мәлімдеген.

Наразылықтың басты себебі – риалдың құлдырауы

Ирандағы жаппай наразылықтар 28 желтоқсанда басталды. Алғашында Тегерандағы басты базарларда саудагерлер дүкендерін жауып, гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық білдірген. 29 желтоқсанда Иран валютасы риал минимумға дейін құлдырап, бір риал шамамен 0,00002 еуроға тең болды. Дүниежүзілік банктің дерегіне қарағанда, былтыр қазан айында Ирандағы азық-түлік инфляциясы 64,2 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша ел әлемде ең жоғары деңгейдегі инфляциясы бар мемлекеттердің қатарында тұр.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай