Иран билігі елде жалғасып жатқан экономикалық дағдарыс пен жаппай наразылықтар аясында азаматтарға ай сайын шамамен 7 АҚШ доллары көлемінде әлеуметтік төлем тағайындайтынын мәлімдеді.

Елдің еңбек министрінің айтуынша, бұл төлемдер шамамен 80 миллион адамға беріледі. Бағдарлама тұрғындардың тұрмысын жеңілдету және инфляция салдарын жұмсарту мақсатында қолға алынған.

Соңғы жылдары Иран экономикасы халықаралық санкциялар мен мұнай экспорты кірісінің қысқаруына байланысты ауыр жағдайда қалып отыр. Ұлттық валюта өз құнының жартысынан астамын жоғалтқан, ал орташа жылдық инфляция деңгейі 42,2 пайызға жеткен.

Әлеуметтік төлемдер туралы шешім елдің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан кең ауқымды наразылықтар кезеңінде жарияланды. Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, наразылық акциялары 78 қала мен 222 елді мекенді қамтыған. Шеруге шыққандар елдің жоғары басшылығына қарсы талаптар қойып отыр.

Қақтығыстар барысында кемінде 20 адам қаза тапқан, олардың арасында үш бала бар. Сондай-ақ мыңға жуық азаматтың ұсталғаны хабарланды.

Иран билігі наразылықтарға қатысты әзірге толық ресми мәлімдеме жасамағанымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бағытында шаралар қабылданатынын айтып отыр.