Тегерандағы үшжақты келіссөз Иранға пайда әкеле ме?

Иран, Ресей мен Қытайдың ядролық бағдарламаға қатысты келіссөзі 22 шілде күні Тегеранда өтті деп хабарлайды Tasnim басылымы. Кездесуде үш ел басшылары ядролық қаруға қатысты түйткілді шешу керегін, жағдайды одан ары ушықтырып алмай дипломатиялық қарым-қатынасты сақтап қалуды сөз етті. Иранның химиялық қаруына қатысты жағдайда әр тарап әрекетін толық қадағалауда ұстап, алдын ала келіссөз жүргізіп отыру ұсынылды. Алдағы бірнеше аптада үшжақты басқосу жалғасып, түрлі деңгейдегі мәселе шешілмек. Іссапар кезінде Ресей мен Қытай делегациясының басшылары Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт-Раванчимен және өзге де дипломаттармен жеке кездесті

Reuters басылымының дерегіне қарағанда, кездесуде БҰҰ-ның Иранға қарсы халықаралық санкцияларын қайта енгізу мәселесі талқыланды. Аталмыш санкциялар 5+1 (JSPOA) елдер бірлестігінің шешімімен қайта күшіне енуі мүмкін. Алайда Иранның сыртқы істер министрі Казем Гарабабади санкциялар дағдарысты күшейтіп, қақтығыстардың санын арттырады деп мәлімдеді.

Ядролық қару мәселесі дипломатиялық шешімді талап етеді

Мәскеу мен Бейжің Тегеранға біржақты қысым көрсетуге қарсы шығып, ядролық мәселені тек дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды. Қытай делегациясы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға және санкциясыз қалдырған жөн деп мәлімдеді.

 

Израильге қарсы айбат шеккен Иран

Еске сала кетейік, 13 маусым күні таңертең Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, Тегеранды әскери ядролық бағдарламаны жасырын жүзеге асырып жатыр деп айыптады. Израильдің бомбалық және диверсиялық шабуылдарының негізгі нысандары Иранның ядролық қаруы бар аймақтары, генералдар, атақты ядрошы-физиктер және әскери әуе базалары болды. Иран бұл айыптауларды жоққа шығарып, Израильге қарсы айбат шекті. Қос тарап 12 күн бойы бір-бірін шабуылдады.

22 маусым күні таңертең АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, қақтығысқа тікелей араласты. Ал 23 маусым кешкісін Иран Катардағы Удейд әскери базасын жарды. Бұл база АҚШ әскерінің Таяу Шығыстағы негізгі тірек пунктісі. Тегеран бұл шабуылды жасай тұра, жағдайдың одан әрі ушыққанын қаламайтынын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп кейінірек мәлімдеме жасап, Иран бейбіт қарым-қатынасты сақтайтынына үміттенетінін айтты. Сондай-ақ ол Таяу Шығыста бейбітшілік пен келісім орнайды деген сенім білдірді.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай