«Ұлттық Нейрохиругиялық Орталық» АҚ-сы, медициналық аппараттармен жүйелер бөлімінің бас инженері Серік Мұратханұлымен сұхбат құрып, медицина саласының өзекті проблемаларын талқыладық.

 – Армысыз, Серік аға! Кез келген мемлекет дамуының тегіршігі — жаратылыс сырын ұғып, техника тілін меңгеруге машыққан жандар екені белгілі. Әсіресе, инженерлердің еңбегі ересен. Бұл бағыт бойынша санамалап айтар болсақ, қазақ топырағында туған дегдарлар аз болмаған. Бір ғана Мұхаметжан Тынышбаевтың өзі неге тұрады. Инжерения саласының ел дамуына тигізер әсерін, мүмкіндіктері қандай, сіз құштар болған инженерия  мен медицина саласының тоғысы жайлы кеңінен ашып айтып берсеңіз.

 – Инженерия саласы дегеніміз мұхиттай мол, шеті де, шегі де көрінбейтін ауқымды сала. Әлемнің қазіргі келбетін инженериясыз, инженерлердің еңбегінсіз елестете алмас та едік. Қазіргі таңдағы жарықтан жылдам дамыған техника-технология, жасанды интелект, жаңа инновация сынды  жетістіктеріміздің барлығы, түптеп келгенде, осы инженерия дамуының жемісі. Егер қандай да бір елдің инженері көбейсе, олардың бетбұрыстары, тың жобалары мемлекет тарапынан қолдау тапса, онда сол елдің экономикасы, жалпы қауаты, инфрақұрылымы артады. Мысал ретінде өзіміз жақсы білетін Жапония елін алайық. Табиғи байлығы, қазба байлығы жоқ, ресурстары аз, тек қана технология мен өндіріске сүйенген ел. Бірақ сол Жапония 1970 жылдары әлемдік экономикада төңкеріс жасап, АҚШ-ты басып озды, бірінші орынға шықты. Бұл әлем тарихындағы ғажап төңкеріс. Мүмкіндігі мол, 9,960 миллион шаршы шақырым жері бар, табиғи-қазба байлықтары бар, ешқандай азаматтық, дүниежүзілік соғыс көрмеген алып АҚШ-ты қалай жапондар басып озды? Жауабын өзіңіз де біліп отырсыз. Тек қана инженерия саласында еңбек еткен мамандардың жобаларын қолдаудың, жаңа технологияны, жаңа инфрақұрылымдарды дамытудың арқасында жаһан жұртшылығын басып озды.

Ашығын айтайық, елде экономистер де, саясаткерлер де, саудагерлер де технологиялық-өнеркәсіптік төңкеріс жасай алмайды. Дамуды, жетілуді, өндірісті, шикізатты да, дайын тауарды да үнемді қолдануды, қауіпсіздікті, бәрі-бәрін алға сүйрейтін локомотив — инженерлердің қосының қалыптасуы, инженерлердің жобаларының іске асуы. Кейін ғана жоғарыда айтылған саясаткерлер, саудагерлердің «екі қолына бір күрек табылады».

 – Қызметіңіздің инженерия саласына тікелей қатысы бар ғой?

 – Иә, мен де инженерия саласының бір тармағы саналатын клиникалық инженерия бағытында қызмет атқарамын.  Клиникалық инженер дегеніміз – бір ауыз сөзбен айтқанда, клиникадағы құрылғылардың тілін түсініп,  қыр-сырын білетін маман. Біз клиникадағы аппараттар мен жүйелерді алдын ала арнайы мамандар жасаған жоспарға сәйкес, аурухананың әлеуетіне сай сатып алуды, сатып алған медициналық жабдықтарды дұрыс орнатуды, қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануды ұйымдастырамыз, отаға дайындаймыз, бақылауға аламыз. Операция процесінде кейбір күрделі аппараттарды хирург мамандармен бірлесе отырып қолдануды, аппараттарды, жеке сервис компаниялардың жұмысын, сапасын бақылауды, экономикалық тиімділігін қадағалауды мойнымызға аламыз. Кейін, пайдалану мерзімі біткен соң, құрылғыларды дұрыс утилизация жасау жағын да қадағалаймыз. Қорытып айтқанда, аппараттың өндірілгеннен кезінен бастап утилизация жасалған уақытына дейінгі үрдістің барлығы біздің көз алдымызда болады. Медициналық аппараттардың клиникадағы өмірі бақыланады, бапталуы, дұрыс, қауіпсіз стандарттарға сай қолданылуы жүйеленеді.

 – Жақында Жапония елінде барып, білім жетілдіріп, арнаулы мамандарымен пікір алысып, ой бөлісіп келдіңіз. Реті келгенде сұрайыншы, ана тілімізде тұңғыш еңбек жазған ғалым ретінде, өндірісте шираған маман есебінде біздің кемшін тұсымыз бен артықшылығымызды байқай алдыңыз ба?

 – Мен Жапонияға бірнеше мәрте бардым. 2010-2011 жылдары тағылымдамадан өттім. Сол уақыттан бері Жапониядағы достарым бар, әріптес-тәлімгерлерім бар, бас қосып, білек сыбана жұмыс атқардық. Клиникалық инженерия деген ұғымды Қазақстанға кіргізу, мамандықтың заңды статусын жасау жағын қолға алдық. Олар қандай қызмет қылады, мақсаты қандай, қандай функциялары бар, аталмыш саланы қандай мамандық арқылы оқыту керек, оқыту процесі қандай стандартпен жүзеге асуға тиіс, қандай сертификациядан өтуі керек, қандай халықаралық қауіпсіздік сертификаттарынан өтуі керек деген заңдылықтарды бағамдап, үш жыл бойы материал жинап клиникалық инженерияның бағдарламасын қазақ тілінде жазып шықтым. Еңбегім біздің Қазақстанға үйлесетін Еуропалық Халықаралық талаптарға сай келетін деңгейде жазылды деп айта аламын. Сонымен қатар, ашығын айтайық, қазіргі Қазақстан жағдайына байланысты орыс тілінде аударып, 2022 жыл Japan International Cooperation Agency-де өз қаражатымен бағдарламаны кітап етіп шығардым. Кітаптің тұсаукесері JICA Қазақстанның жане Жапон елшілігі қатысумен онлайн өтті.  Содан бері «Қазақстанда клиникалық инженерия бағдарламасын» қабылдауды парламентке, минстірлікке қарата айтып та, жазып та келемін. Алайда «клиникалық инженерия бағдарламасын» қабылдаудың аса маңызды екенін түсінетін адам табылмай отыр.

 – Жапония елі бұл бағытқа айрықша маңыз танытып отыр деп санайсыз ба?

 – Жапон еліне өткен жылдың соңында тағы да барып, екі ай тағылымдамадан өттім. Араға 13 салып бардым. Бәрі мүлдем жаңа өріс алған. Елдегі клиникалық зерттеулердің, инженерлік шешімдердің мүлдем жаңа белеске көтерілгенін көрдім. Бір ғана мысал сөзімізге тұздық болсын. 13 жыл бұрын барған кезімде Шинкобе қаласындағы бір клиникаға жолым түсті. Мамандар адам жағын бұрғылап, темір бұрандалар арқылы тіс салу әдісін тоқтатып, жас ерекшелігін ескермей-ақ тіс өсіру технологиясын зерттеп, тышқандарға сынақ етіп жатқан болатын.

Осы жолы да сол клиникаға ат басын бұрдық. Дәрігерлердің қарттардың тісін қайта шығарып, тістің ішіндегі нерв тіндеріне дейін қалпына келтіріп, өсіріп беріп жатқанын көрдім. Бұл дегенің биомедициналық инженерияның қаншалықты деңгейде дамып, қарыштап кеткенін көрсетеді. Ал біздің тіс емханалары адамдардың сау тісін жұлып тастап, неше түрлі металлдармен имплантация жасауға құштар, ал жарнамасы жер жарып тұр. Ал сол металл имплантация жасалған адамдар көбі қажет болған жағдайда МРТ зерттеуінен өте алмайтын жағдайға жетеді де, миындағы неше түрлі өспе-ісік ауруларын айқындалмай, зардап шегіп жатады.

Жапония елі мен Қазақстан елін салыстыру орынсыз дер едім. Әрине, орталық Азияда, постсоветтік елдер арасында Қазақстан медицинасының дамуы, техникаларға сервис көрсету деңгейі аса төмен деп айта алмаймын. Алайда Қазақстанда медициналық техникаларға ремонт-сервистік қызмет жасайтын жеке компаниялардың дамуы басым. Бұл клиникалардағы клиникалық инженерияның дамуын көрсетпейді. Клиникалық инженерия дамымаса, клиникалар жеке компанияларға тәуелді күйінде қала береді, ақшаны сыртқа шашады.

Клиникалық инженерия дамитын болса, медициналық қызмет көрсетудің сапасы, сервис сапасы дамиды, қаржыны орынды, тиімді қолдану мәселесі жүйеленеді. Соңғы рет Жапонияда болғанымда «Клиникалық инженерия негіздері» деген нұсқаулықты жапон әріптестерім көрді. Олар әрі қысқа, әрі нұсқа осындай бағдарлама Қазақстанның бүгінгі жағдайына дәл келетінін, ал Жапониядағы клиникалық инженерия міндеттерінің, функцияларының ауқымды екенін айтып, жақсы қолдау тынытты.

 – Төл медицинамызды дамыту жолында бірқатар сауатты заң қабылдап, ереже-талабын бекіту міндеті тұр. Сіздің ойыңызша, дәл осы бағытта қандай кілтипан ескерілуге тиіс?

 – Денсаулық сақтау кодексі бойынша өткен жолы ғана өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Ол көбінесе міндетті медициналық сақтандыру бойынша қаралды деп естідім. Ал менің салам бойынша айтатын болсақ, клиникадағы медициналық аппараттардың қатысумен болатын төтенше жағдайлар, шұғыл жағдайлар ,аппараттың техникалық күйіне байланысты науқастардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіру, зақым келтірген жағдайда клиникадағы техниканың ақауына, күнделікті қауіпсіз жұмыс істеуіне, жедел техникалық көмек беруге жауапты маман ауруханада бар ма? Аппараттарды қойған немесе келсімшарт бойынша қызмет көрсететін жекелік компаниялардың инженерлерін ауруханадағы барлық аппараттардың жай-күйіне жауапты ете аламыз ба? Әрі-беріден соң, ауруханалардағы медициналық техникаларға халқаралық-отандық қауіпсіздік стандарттарына сай жоспарлы күтім, сервис жасап отырмыз ба? Шыны керек, көп ауруханада ондай мүмкіндік бар деп айта алмаймын. Олай болса, өкімет денсаулық сақтау кодексіне клиникалық инженер деген мамандықты кіргізіп, әрбір медициналық мекемеде жоқ дегенде бір клиникалық инженердің болуын міндеттеп, соған сай стандарттар жасау қажет. Әйтпесе, бұл саланың проблемасы толық жүйелі шешілмейді.

 – Клиникалық инженерияны оқыту, меңгерту мектебін қайта жандандыру жолының да маңызды екенін жиі айтасыз. «Өз ғылыми мектебіңізді» ашу, әлеуметтік салмағын орнықтыру жағын ойландыңыз ба?

 – Клиникалық инженерия биомедициналық инженерияның бір тармағы. Ол жайлы түсінікті жоғарыда айттық. Елімізде биомедициналық инженерия мамандығы ашылды. Аты бар. Алайда оларды оқытатын материялдық база жоқтың-қасы. Инженерлердің білім алуы тікелей практикаға байланысты. Егер қолдаушылар, демеушілер болса, ЭКСПО-дағы бос ғимараттардың бір бұрышынан клиникалық инженерлерге арналған практикалық оқу орталығын ашуға әбден болады.

 – «Клиникалық инженерия бағдарламасы» деген ғылыми нұсқаулығын жайлы сөз етсек. Қандай соқталы мәселелер қамтылған? Ұлттық таным мен техникалық танымның байланысын қандай сипатта, мазмұнда аша алдым деп ойлайсыз?

 – Инженериясанасына ден қою  – мемлекетті, ұлтты қуатты, күшті ететін бірден-бір жол. Технология мен техниканы сыртқа итеріп, даму жағынан артта қалған қаншама елдердің тоз-тозы шықты. Ирак, Ливия секілді елдер саяси пропагандамен мемлекетті ұстап тұра алмады. Күні кеше ғана азуын айға білеп отырған Иран алақандай Израйлдің үш күндік соққысына шыдас бере алмады. Ресейдің советтен қалған ескі техникаларына милллярдтап ақша шашпай,сол ақшаға өз инженерлер қосынын жасағанда бүгінгі күйге түспес еді.  Ескінің орнын жаңа баспаса, жаңа ойлар, жаңа инженерлік шешімдер дер кезінде қабылданбаса, мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне сына қағылады, егемендігіне көлеңке түседі. Ұлттың өзегі, ең алдымен, өнер-ғылым, инженерия деп ойлаймын. Инженериясы дамыған елдің тілі де өлмейді, жерін де жау алмайды, рухын да ешкім баса алмайды.

Ғылым, өнербілім демекші, футурологтар болашақта жер бетінде ауру саны артып, індет түрі көбейетінін ескертеді. Әлеумет пен мемлекет саясаты мұндай пәлекеттің алдын алу үшін нені ескеруге тиіс? Қалай қамданған жөн?

Жер бетінде ауру түрлері көбейгенімен оған қарсы медицинада, технология да, әдістер де дамып, өсіп келе жатыр. Көп адам қазір ауру көбейді, азық-түлік, дәрі-дәрмек, вакцина адамдарды құртып жатыр деп байбалам салады. Мұндай байбалам салмас бұрын, осыдан 300 жыл бұрын, 100 жыл бұрын, тіпті елу жыл бұрын өмір сүрген адамдардың орта жасын қарап шығыңыз. Тарихқа көз жүгіртіңіз. Қаншама империяларды, халықтарды эпидемия жұтып жіберді. Алыстағы Испанияны империялықтан айырған Испан тұмауын айтпайық, өзіміздің Алтын Орда мемлекетін де, жауласқан Жұңғар мемлекетін вирус жойып жіберді. Екі империяны құртқан оба! Тарихшылар биомедицина саласына келіп, осы салаға жаңа әдістермен кіріскенде, біз тарихтан жаңа сабақтар алар едік.

Әлемнің жалғыз әділ заңы бар. Ол – Эволюция! Эволюция  – қайтымсыз процесс. Кез келген организм, тіпті халықтың өзі өзгерістерге бейімделсе, тірі қалады, бейімделе алмаса, жойылады. 21-ғасыр әртүрлі жаңа аурулардың ғасыры ғана емес, сонымен қатар вирустардың ғасыры, қазір ғаламдық жылынудың салдарынан әлемнің мұздықтарында миллиондаған жылдар мұздап жатқан миллиондаған түрлі  вирустар еріп, аққан сулармен бірге адардың тіршілік ортасына жетуі мүмкін. Адамзат кездесіп көрмеген, күресіп көрмеген небір вирустар бар. Жай ғана жарғанаттан шыққан вирустың өзі адамзатты қаншама әбігерге салды. Олай болса, биологиялық қауіпсіздік инженериясы, биомедициналық инженерия, клиникалық инженерия бірінші орында тұру керек.

– Сұхбат беріп, салихалы сөз айтқаныңыз үшін көп-көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Дастан ҚАСТАЙ
журналист