«Иммунитет жүйесін жіті зерттегендер». Медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды
Фото: Claudio Bresciani/TT/REUTERS
Физиология және медицина саласына саналы ғұмырын арнап, жетістікке жетіп, иммунитет жүйесін зерттеген ғалымдар тобы Нобель сыйлығын иеленді.
Ғалымдар тобы иммунитет жүйесінің қорғанысын, перифериясын зерттей отырып әлемдегі басты сыйлықтардың бірін еншіледі.
Лауреаттардың есімі 6 қазан күні, Стокгольмде жарияланды.
Жүлдегерлер:
Мэри Э. Брунков (Жүйелік биология институты, Сиэтл);
Фред Рамсделл (Паркер ісік иммунотерапиясы институты, Сан-Франциско);
Шимон Сакагучи (Осака университетінің профессоры).
Нобель комитетінің төрағасы Олле Кемпе сөз алып, ғалымдардың ашқан жаңалығы «иммунитет жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және ауыр аутоиммунды аурулар бәрінде неліктен бірдей дамымайтынын түсінуде шешуші рөл атқарды» деп атап өтті.
Орайы келгенде айта кетелік, медицина саласы бойынша Нобель сыйлығы 115 мәрте табысталған.
2024 жылы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы Америка ғалымдары Виктор Амброс пен Гэри Равкан алған. Ол кісілерге сыйлық «микроРНҚ-ларды ашқаны және олардың ген экспрессиясының транскрипциядан кейінгі реттелуіндегі рөлін анықтағаны үшін» берілген.
Биылғы Нобель апталығы Физиология және медицина саласындағы лауреаттардың есімдерін жариялаумен басталды. Ертең — физика, 8 қазанда — химия, 9 қазанда — әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының есімдері жарияланады.