Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі инфляцияның басты себебі – нарықтағы ұсыныс пен сұраныс арасындағы сәйкестіктің жоқтығынан деп мәлімдеді.

Министрдің айтуына қарағанда, қазақстандықтардың күнделікті тұтынатын тауарлары жеткіліксіз болғандықтан, халық оларды шетелден сатып алуға мәжбүр. Импортқа тәуелділік артқан сайын баға да қымбаттайды, өйткені сырттан әкелінген кез келген тауар автоматты түрде қымбат сегментке өтеді.

Жұманғарин 20 қарашада ведомство 2026–2028 жылдарға арналған бюджетті Сенатта қорғайтынын айтып, алдағы құжаттың қатаң болатынын жеткізді. Өңірлердің шығындары қысқартылып, оларды өз кірістерін арттыруға ынталандыру көзделген. Бұл ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау арқылы жүзеге асады. Ал республикалық деңгейде өндірісті күшейту үшін даму институттарын капиталдандыруға қаржы бөлінеді.

Министр үкімет апта сайын баға тұрақтылығына қатысты кеңестер өткізіп келетінін айтты. 2026 жылдың қыс және көктем айларына арналған ірі тұрақтандыру қорлары жасақталып, оған негізгі көкөністер мен ет және жарма өнімдері қосылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те инфляцияның күшеюін экономикадағы артық ақша массасымен байланыстырған. Сүлейменовтың дерегіне қарағанда, айналымдағы ақша мөлшері 18%-ға өскен, бұл экономиканың шамадан тыс қызып кетуіне әкелген.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай