АҚШ-тың Гренландияға қатысты мәлімдемесінен соң Еуропа елдері аралдың тағдырына қатысты келіссөз жүргізіп, болашағын айқындауға көшті. Дания мен жартылай автономды Гренландияның жоғары лауазымды дипломаттары АҚШ-та бірқатар маңызды келіссөз өткізбек. Бұл кездесулер Германиямен қатар жүргізіліп, Арктикадағы қауіпсіздік тақырыбына арналады.

Дүйсенбі күні Германияның сыртқы істер министрі Иоганн Вадефуль АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен Вашингтонда кездеседі. Ал сәрсенбіде Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен мен Гренландияның сыртқы саясатқа жауапты өкілі Вивиан Моцфельдт Рубиомен жеке келіссөз жүргізеді. Бұл туралы TV2 телеарнасы хабарлады.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуына қарағанда, Гренландия мәселесі НАТО саяси алаңында талқыланып жатыр. «Біз АҚШ-тың бұл аймақ жеткілікті деңгейде қорғалуға тиіс деген мәлімдемесіне келісеміз. Қазір сыртқы істер министрлері осы бағытта жұмыс істеп жатыр, Германия мен Дания Гренландияның қауіпсіздігін күшейту жолдарын егжей-тегжейлі талқыға сала бастады», — деді Фридрих Мерц.

Келіссөздің басты мақсаты — АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны меншіктеуіне тосқауыл болу, сондай-ақ Вашингтонмен шиеленіскен қатынасты жұмсарту. Бұған дейін Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Гренландияны басып алу НАТО-ның күйреуіне әкелетінін айтқан еді. Осыдан кейін Трамп альянсқа мүше елдерге қатысты сыни риторикасын күшейтті.

АҚШ әкімшілігінің әскери жоспары Еуропаның саяси лидерлері арасында кең талқыға түсті. Әсіресе Венесуэлада жүргізілген әскери шабуыл мен Гренландияны күшпен бақылауға алу туралы мәлімдеме Еуропаны уайымға салды. Салдарынан Еуропа көшбасшылары қысқа мерзімде ортақ стратегия әзірлеуге мәжбүр.

Германия НАТО қолдау көрсетуге дайын «Arctic Sentry» атты бірлескен жобасын ұсынбақ. Бұл жоба Балтық теңізіндегі инфрақұрылымды қорғау үшін іске қосылған «Baltic Sentry» миссиясына ұқсас болмақ. Сарапшылар Арктика аймағының стратегиялық маңызы жыл сайын артып келе жатқанын атады, әсіресе болашақта Трансполярлық теңіз бағытының ашылса, мұзды өлкеге көп елдің көзі түседі. Дональд Трамп жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде АҚШ Гренландияны кез келген жолмен алуға дайын екенін жеткізді. Трамптың сөзіне қарағанда, АҚШ бұл аумақты бақылауға алмаса, оны Ресей немесе Қытай иемденуі мүмкін.

Дегенмен Марко Рубио Конгресс мүшелеріне АҚШ-тың негізгі аралды әскери бөліске салу емес, Гренландияны сатып алу екенін жеткізді. Ал бұл НАТО болашағына қатер төндірмей, халықаралық саяси кеңестің жұмысын жандандыра түспек, деді.

Осы аптада АҚШ сенаторларының бір тобы Копенгагенде Дания парламентінің сыртқы саясат және Гренландия комитетінің мүшелерімен кездесуді жоспарлап отыр. Делегация құрамында Арктика мәселелері бойынша тәжірибелі сенатор Лиза Мурковски де бар. Ал Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен Дания астанасына ресми іссапарға бармақ.

Сарапшылардың пікіріне қарағанда, алдағы келіссөз Арктикадағы саяси тепе-теңдікке және Гренландияның халықаралық мәртебесіне тікелей әсер етуі мүмкін.

Айта кетелік, Дания билігі де АҚШ тарапына қарсы пікір білдіріп, политмәлімдеме жасады.Данияның Қорғаныс комитетінің төрағасы «АҚШ тарапынан көрсетілген қысым Гренландияны иемденуге рұқсат бермейді», деді.

«АҚШ бізді ядролық қарумен қорқытқан күннің өзінде, Дания Гренландияны ешқашан бермейді. Мұны күшімізді көрсету немесе мақтану үшін айтып отырғанымыз жоқ. Біз шағын мемлекетпіз және АҚШ-пен теңесе алмайтынымызды жақсы түсінеміз. Бірақ қандай жағдай болмасын, мұндай қадамға бармаймыз», – деді комитет төрағасы.

Дания тарапының айтуына қарағанда, Гренландияның егемендігі талқылауды қажет етпейтін мәселе, ал кез келген қысым халықаралық құқыққа қайшы.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай