Еуродақ Ресейге қарсы санкцияны тағы да қатаңдатпақ

Еурокомиссия Ресейге қатысты жаңа, 19-шы рет санкцияны қатаңдатып, ЕО-ға мүше мемлекеттердің қарауына жіберді. Аталған қарар 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін Ресейдің сұйытылған табиғи газының импортын тұтынуға тыйым салуы мүмкін. Бұл туралы Брюссельде өткен брифингте ЕК баспасөз қызметінің жетекшісі Паола Пиньо мәлімдеді.
«ЕК келісе отырып Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін қабылдағанын растай аламыз. Бұл — есеп бойынша 19-шы», — деп AFP агенттігіне хабар берді.
Жаңа санкция мазмұны
Reuters басылымының хабарлауына қарағанда, Еурокомиссия Ресейден сұйытылған табиғи газ импорттауға 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тыйым салуы мүмкін. Бұл осыған дейін жоспарланған мерзімнен бір жыл ерте.
Жаңа ереже сондай-ақ бірқатар ресейлік танкерлерге, криптовалютаны пайдалануға, ресейлік және ортаазиялық банктерге, қытайлық мұнай өңдеу зауыттарына және қосарлы мақсаттағы тауарларды Ресей қарулы күштеріне жеткізу үшін қолданылып жүрген кейбір экономикалық аймақтарға әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін ЕО сұйытылған табиғи газдан 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін бас тартуды ұсынған. Трамп та Еуроодақты бұл қадамды жылдамдатуға бірнеше рет шақырған еді, себебі бұл Мәскеуге қысымды күшейтуге мүмкіндік береді.
Ресейден газ сатып алу
Бүгінде Еуропа тұтынатын газдың 19%-ы Ресейден келеді. Ол «Түрік ағыны» газ құбыры арқылы және танкерлермен сұйытылған табиғи газ жеткізу арқылы жүзеге асады. 2022 жылдың ақпаны Украинадағы соғыс басталғанға дейін, ресейлік газдың Еуропа импортындағы үлесі 45% болған.
Ал қазір Испания, Бельгия, Нидерланды және Франция Ресейдің табиғи газын атып алады. «Түрік ағыны» арқылы газ Венгрияға, Словакия мен Болгарияға жеткізіледі.
Францияның TotalEnergies энергетика компаниясының басшысы Патрик Пуянненің айтуына қарағанда, ресейлік газ кем дегенде 2027 жылдың соңына дейін қажет болады. Одан кейін оны басқа өндірушілердің тауарымен алмастыруға болады, әрі бұл нарық бағасына айтарлықтай әсер етпейді.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай