«Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланатын болады», – деп жазды Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында. Баспасөз хатшысының айтуына қарағанда, бұл ұсыныс депутаттар, медицина саласының өкілдері және белсенді азаматтар тарапынан көтерілген.
Еске сала кетсек, өткен аптада екі бірдей медицина қызметкерінің өміріне қауіп төндірген жайт қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қостанай облыстық ауруханасында науқас хирург дәрігерге кенеттен жұдырық ала жүгіріп, 33 жастағы дәрігер есінен танып, жансақтау бөліміне түсті. Ал Қарағанды облысындағы маммологиялық орталықта 42 жастағы ер адам қызметтік бөлмеге есікті бұзып кіріп, медбикені соққыға жыққан. Дәрігерлер мен қоғам белсенділері медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін заңмен қамтамасыз ету керегін айтып, жаңа заңнамадан нәтиже күтетіндерін алға тартты.
Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай