ҚР Президенті Нью-Йорктегі дөңгелек үстелде авиация мәселесін қозғады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары тек саяси емес, экономикадағы нақты шешімдерге де жол ашты. Нью-Йорктегі дөңгелек үстелде президент Америкадан Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция тартылғанын атады. Сондықтан АҚШ еліміздегі ең ірі инвестордың бірі саналады. Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді әлем алыптары Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарына енді Embraer компаниясы да қосылмақ.

Айбар Олжай, сарапшы: Ұшақ деген қымбат көлік қой

Airbus пен Boeing Қазақстанда танымал болғанымен, Embraer-дің үлесі аз. Дегенмен көрші елдерде бұл компанияның ұшағы жеткілікті. Ал әр ұшақ тұрақты сервисті қажет етеді. Қосалқы бөлшек, жөндеу, техникалық қолдау, бәрі де уақтылы орындалмаса, әуе жолы тұралап қалады. Ресейдің санкциядан кейінгі тәжірибесі бұған нақты дәлел. Embraer Қазақстанда өңірлік сервис орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жоба жүзеге асса, біздің ел тек өзінің емес, Орталық Азиядағы және ТМД елдеріндегі Embraer ұшақтарына да қызмет көрсете алады.

Embraer тек жолаушы тасымалына арналған ұшақ емес…

Көпшілік Embraer-ді тек жолаушылар тасымалына арналған лайнерлермен байланыстырады. Алайда компания жүк тасымалына да ықпал етіп отыр. Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Біз Еуразияның қақ төрінде орналасқандықтан, логистикалық хабқа айналу мүмкіндігіміз зор. Embraer-дің келуі осы стратегияға серпін береді.

Мұндай келісім тек геосаяси ықпалды арттырып қана қоймайды, қарапайым халыққа да әсер етеді. Жаңа жұмыс орны ашылып, авиация саласында білікті мамандар даярланады. Сондай-ақ еліміздің транзиттік әлеуеті күшейіп, сыртқы нарыққа шығудың жаңа жолы пайда болады.

Тоқаевтың Нью-Йорктегі келіссөзі, соның ішінде Трамппен байланысы Қазақстанның жаңа индустрия бағытының айқын көрінісі. Елге оралған Embraer біздің әуе кеңістігімізді ғана емес, экономикалық көкжиегімізді де кеңейте түспек.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай