Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы салық реформаларына қарамастан, теңге бағамы неге нығайып жатқанын түсіндірді.
Ұлттық банк төрағасы валюта нарығында теңге бағамына әсер ететін екі негізгі үдеріске тоқталды.
Соның бірі 2026 жылдың қаңтарынан бастап ҚҚС-тың 16%-ға көтерілуіне байланысты тұтынушы сұранысының артуы.
— Көптеген кәсіпорын мен жеке шаруашылық өкілдері салық реформасы енгізілгенге дейін, яғни ҚҚС 16% болмай тұрып, мүмкіндігінше көп тауар сатып алуға тырысып жатыр. Егер тұтынушы желтоқсанда кір жуғыш машина немесе телефон импорттаса, ҚҚС 12% төлейді. Ал қаңтарда бұл көрсеткіш 16% болады. Сондықтан қазір импортқа сұраныс өте жоғары, ал импорт долларға тәуелді, себебі импорт долларлық келісімшарт арқылы жүзеге асады. Сол себепті долларға деген сұраныс та өте жоғары, — деді қаржы институтының басшысы.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы құн салығы артса да теңге бағамы нығая түскенін атады. Сүлейменовтың айтуына қарағанда, бұл құбылыс биыл қазанда базалық мөлшерлеменің 18%-ға дейін көтерілгенімен байланысты. Ақша-кредит саясатын қатаңдату нәтижесінде теңгелік қаржы құралдары халықаралық инвесторлар үшін тиімді бола түсті.
— Биыл профильдік инвестициялар көлемі нарығымызда орта есеппен шамамен екі миллиард доллар болды. Қазір теңге номиналының құны артқандықтан, инвестиция қауымдастығы Ұлттық банк пен Үкіметтің инфляцияны төмендетуге бағытталған ортақ мақсатта жұмыс істеп жатқанын көріп отыр. Сондықтан күтпеген, күрт өзгерістер болмайды, — деді Сүлейменов.
Төраға капитал қозғалысы үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын да алға тартты. Қазір қазақстандық нарыққа әлемдік инвесторлардан көп мөлшерде кіріс кіріп жатыр.
— Мысалы Citibank, Goldman Sachs немесе JP Morgan инвестициялық басқарушысы Лондонда, Нью-Йоркте немесе Абу-Дабиде отырып-ақ көптеген нарыққа инвестиция жасай алады. Әдетте олар долларды тұтынады. Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздарды, мысалы Қаржы министрлігінің облигацияларын сатып алу үшін компаниялар долларын теңгеге айырбастауы керек, себебі бұл қағаздар теңгемен сатылады. Нәтижесінде, нарыққа келе отырып, доллар теңгеге алмасып, құжаттар сатылымға түседі. Ірі ұйымдар долларын айырбастау арқылы нарықтағы доллар ұсынысын көбейтеді. Соңғы инвесторлар нарыққа қосымша 1,4 миллиард доллар әкелді, — деп түсіндірді Сүлейменов.