АҚШ, Франция және Канада ғалымдары экономика бойынша табысталатын Нобель сыйлығының лауреаттары атанды. Атап айтқанда, ең жоғарғы марапатты Джоэль Мокир, Филипп Агьон және Питер Ховитт еншіледі. Оларға «инновацияға негізделген экономика өсімін тәпсірлей алғаны үшін» марапат берілді.

Қуанышты жаңалықты Швеция корольдігінің Ғылым академиясы 13 қазан күні сүйіншілетіп, Нобель комитетінің әлеуметтік желілерінде хабарлады.  Х желісіндегі жазбада хабарланғандай, сыйлықтың жартысы Джоэль Мокирге «тұрақты өсім алғышарттарын технология прогресі тұрғысынан қарастырып, анықтағаны үшін», ал екінші жартысы Филипп Агьон мен Питер Ховиттке, «тұрақты өсу теориясын инновация жойылысының тұрғысынан тәпсірлегені үшін» табысталғаны аталды.

Джоэль Мокир — нәубеттен аман қалған Голландиядағы еврейлердің отбасында дүниеге келген. Хайфада анасы тәрбиелеген. Тарих және экономика саласы бойынша бакалавр дәрежесін Иерусалимдегі Еврей университетінде, ал Йель университетінде магистр және доктор дәрежесін алған. 1974 жылдан бастап Солтүстік-Батыс университетінде сабақ береді, сонымен қатар Тель-Авив университеті экономика мектебінің профессоры.

Филипп Агьон — Парижде дүниеге келген. Сорбонна университетінде магистр және докторлық дәрежесін алды, кейінірек Гарвард университетінде экономика ғылымдарының докторы дәрежесін алды. Колледж де Франста, INSEAD бизнес мектебі мен ғылыми-зерттеу институтында және Лондон экономика және саясаттану мектебінде жұмыс істейді.

Питер Ховитт — Торонтода туған. Макгилл университетінде бакалавр дәрежесін алды, Батыс Онтарио университетінде магистр дәрежесін алды және Солтүстік-Батыс университетінде докторлық дәрежеге ие болды. Род-Айленд штатындағы Браун университетінде жұмыс істейді.