Батыс Қазақстан облысында Жұмысшы мамандықтар жылына орай дәстүрлі республикалық «Еңбек жолы – 2025» конкурсының облыстық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Аталған байқау ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен жыл сайын өткізіліп, еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерінің үлесін дәріптеуді, еңбек адамының мәртебесін арттыруды көздейді. Биылғы сайысқа 38 үміткер қатысып, үш аталым бойынша бақ сынады. «Үздік еңбек әулеті» номинациясына 7 әулет, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына 14 үміткер, ал «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясына 17 жас маман ұсынылды.

Конкурстық комиссия шешімімен «Үздік еңбек әулеті» аталымында Таскалиевтер әулеті, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында Метекесов Қоблан Рысқалиұлы, ал «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында Игимова Нейля Амирбекқызы жеңімпаз деп танылды. Бұл үш жеңімпаз республикалық кезеңде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қатысушыларды құттықтап, еңбек адамының қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. «Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек иелерін қолдауға бағытталған тарихи қадам», – деді аймақ басшысы.

Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Енді олар республикалық байқауда облыс атынан қатысып, өңірдің еңбек адамын баршаға танытпақ.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі