Ақмарал Жадырасын — бүгінде танымал wallart бағыты бойынша қабырға суретін салып, кәсібін дөңгелетіп жүрген жас суретші. Орал қаласының тумасы, 2018 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Қазір түрлі тапсырыс алып, үй мен пәтер, мекемелер мен сауда орталығы сынды ғимараттардың қабырғасын әсемдеп, ерекше дизайнда “өнер туындысына” жан бітіріп жүр. Кейінгі кезде Ақмарал Алаш қайраткерлерінің бейнесін қабырғаға салып, этностильде жұмыс істейтін арт маманға айналды. ELORDAMEDIA тілшісі Threads желісінен суретшінің жұмысын көріп, бірден сұхбаттасуға шақырды.

Ақмарал Жадырасынның салған туындысының бірі

—  Сурет салуға, шығармашылыққа бала кезден әуес болдыңыз ба?

— Иә, ес білгелі сурет салғанды жақсы көремін, қолөнер туындыларын дайындаймын. Жалпы, маған бала кезден бері шығармашылық ұнайтын. Балалық шағымда әйгілі суретші болуды армандайтын едім. Менің картиналарым құнды болып, қымбат бағаға сатылса деп қиялдайтынмын.

— Кәсіби сурет өнері қай жылдан бері шығармашыл жаныңызға серік болды?

— Сурет салу өнеріне кәсіби түрде келген кезім есімде жоқ. Сондықтан нақты осы жасымнан бастап профсуретшімін деп айта алмаймын. Алайда 14 жасымда портрет салдым, алғаш рет кішігірім табыс таба бастадым. Осы уақытқа дейін 11 жыл бойы жинаған тәжірибем, білімім бар. Өзімді кәсіби суретші деп таныстырып жүргеніме 2 жылдың жүзі болды.

— Қай мамандық бойынша білім меңгердіңіз? Суретші болудың қыр-сырын академиялық сипатта оқыдыңыз ба?

— Жоқ, болашақ маман ретінде басқа салаға таңдауым түсті. Суретші емес, ақпарат жүйесі, яғни IT саласы бойынша білім алдым.

—  Қазақстанда суретші болу табыс әкелмейді деген стереотип бар. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?

— Мен бұл пікірге келісе қоймаймын. Өнеріме тәнті болып тапсырыс берсем деген азаматтар хабарласып жатады. Жарнамаға иек артқан емеспін. Басты мақсат — сапалы жұмыс. Жақсы нәтиже көрсетсең, атыңды ел естиді, жұмысыңды үлгі ретінде бөліседі. Осылай барлық іс үдерісі жалғаса береді. Тіпті кейбір алармандарым қайыра өтініш айтып, қолқа салып жатады. Мен үшін ең басты міндет — сапалы дүние ұсыну.

— Қабырға суретін алғаш салған кезіңіз, бірінші алған тапсырысыңыз есіңізде ме?

—  2021 жылы бір компаниямен жұмыс істедім, олар түскен табыстың 50% алып отырды. Ал алғашқы тапсырысым әкімдіктен түсті. Қабырғаға сурет салатын басқа бос адам болмаған соң, тапсырысты мен алдым. Өзімнің қабырғаға бірінші рет сурет салып тұрғанымды байқатпайын деп барымды салдым. Жүйелі түрде сурет салып жүрген адамдай әрекет еткенім есімде. Тапсырыс берген тарапқа салған суретім бірден ұнады. Ертеңінде тағы да ықылас білдіріп, маған таңдауы түскенін жеткізді. Осылай-осылай еңбек жолым басталып кетті.

— Көбіне қай сала өкілдері сіздің суреттеріңізге ерекше ықылас білдіріп жатады? Шығармашыл жанның табиғатын шығармашылықта жүрген мамандар жақсы түсінеді деп санайсыз ба?

— Кейінгі кезде мемлекет тапсырысымен мектеп қабырғаларына сурет салып жүрмін. Бір тапсырыс үшін алған ең ауқымды жұмысымның ауданы 2 мың кв метр болды. Негізінен алғанда, әр түрлі салада жүрген мамандар тарапынан ұсыныс түсіп жатады. Мәселен кафе, мейрамхана, сауда орталықтары, қонақ үй, автосалон және тағы да басқа мекемелерге арнап сурет салдым. Сондай-ақ үй қабырғаларына да сурет салуға тапсырыс жиі түседі.

— Салатын суретіңіздің дизайнері де өзіңізсіз бе? Әлде тек тапсырыс беруші таңдаған дизайнды саласыз ба?

-Істің ретіне қарай. Егер тапсырыс берушінің дайын тұрған дизайны болмаса, өзім мақам-мәнерін сызамын. Ортақтасып, келісе отырып та таңдай береміз. Сондай-ақ дайын үлгіні салып беру жағы да қиын емес. Уақытым жетпей жатса, дизайнерге жүгініп, ақылдасып, жұмысты өз ісінің арнаулы маманына тапсырамын.

— Айрықшы туындыларыңыздың қатарында Алаш арыстарының бейнелері бар. Жинақтай айтайықшы, қандай стильдегі қабырға суретін салғанды жөн көресіз?

— Өзіме реализм стилі қатты ұнайды. Бірақ аталмыш стильде туынды жасап шығуға көп уақыт қажет. Шығыны да мол Клиенттерімнің де жағдайы келе бермейді. Кейінгі кездері этностиль бағытына ден қойдым. Алаш тұлғаларын бедерлеген туындылым ел назарына түсті. Ұлттық бояуы қанық, бабалар болмысын бейнелеген суреттерім арқылы ел алғысын алып жүрмін.

— Сұхбат беріп, өзіңіздің сұйікті ісіңіз бен кәсібіңізді таныстырғаныңыз үшін көп рақмет, Ақмарал ханым! Жұмысыңызға толайым табыс тілейміз!

— Сіздерге де алғыс! Егер мен секілді өз арманын шындықты айналдырғысы келетін жан болса, «қорықпаңыз, тек алға!» деп сенім бергім келеді. Аман болыңыздар!

 

Сұхбатты дайындаған: Мөлдір Түктібай