Дональд Трамп «Ресей мен Үндістаннан айырылып қалғанын» жеткізіп, әлеуметтік желіде күңіренді

Америка президенті Truth Social әлеуметтік желідегі жазбасында «Ресей мен Үндістаннан айырылып қалғанын» хабарлады.
АҚШ президенті Қытайда өткен ШЫҰ саммиті барысында түсірілген Қытай, Үндістан және Ресей көшбасшыларының бірлескен фотосуретін жүктеді. Контентті арнаулы жазба арқылы толықтыра отырып, былай деді:
Біз ұйықты әрі күңгірт те қараңғы Қытайға жұтылған Үндістан мен Ресейді жоғалтқан сияқтымыз. Енді ажырамастай табысқан олардың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! — деді президент.
Еске сала кетелік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің президенттері бас қосқан отырыста сөз сөйлеп, Қазақстанның сырты саясатының негіздерін нақтылап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді. Сонымен қатар биылғы жиынның мәні мен маңызына тоқталды:
— Құрметті Си Цзиньпин мырза, Сізді және барша қытайлық достарымызды елдеріңіздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуімен құттықтаймын. Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайды. Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің 80 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтой қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі Саммитке ерекше мән береміз. Бұл айтулы даталар барша адамзатқа жер бетіндегі халықтың берекелі өмір сүруіне, бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет етуі қажет. Сондай-ақ тарихи шындықты бұрмалауға жол бермей, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, шынайы құндылықтарды ұстануға үндеуі керек, — деді Тоқаев.